Нұр-Сұлтан қаласындағы объектілердің үздіксіз жұмыс істеуіне кірме жолдардың қардан уақытылы тазартылып отыруы септігін тигізді. Кірме жолдар – жергілікті теміржол инфрақұрылымының басты құрамы болып табылады.
«Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның ақпараты бойынша осы күндері тек астанада ғана кірме жолдарды қардан тазалау барысында 20 мың текше метр қар шығарылды. Жалпы Қазақстан бойынша осы уақытта арнайы техниканың 100-ге жуық тасымалы, 100 шақырымға жуық кірме жолдардың тазалануы қамтамасыз етілді деп хабарлайды еліміздегі кірме жолдардың негізгі тармағына ие жауапты кәсіпорын мамандары.
«Қарағанды аймағында кірме жолдарды қардан сапалы тазалау және уақытылы шығару бойынша біз магистральды теміржол желісі объектілерінен кем түскен жоқпыз. Ұқсас жағдай Ақмола жол бөлімінің түйісу стансаларында көрініс алды, кірме жолдардан 40 мың текше метр қар шығарылды. Бұл ретте, Ақмола жол бөлімі арқылы еліміздің басты көлік артериясы өтетінін атап айтқан жөн», дейді «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның Солтүстік аймақтық бөлімшесінің директоры Әлкей Асылбек.
Оның айтуы бойынша, кірме жолдардағы қар тазалау және су басып қалудың алдын алу жұмыстары әлі де жалғасуда.
Айзере САМАРҚАН