10 Тамыз, 2013

Қостанайда полиция капитаны қыз зорлап, қолға түсті

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Полиция-3

Қостанай облысының Әулиекөл ауданы Аманқарағай кентінде жасы кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен полиция капитаны қамауға алынды. Бұл туралы «Наша газета» хабарлады.

Болған оқиға жайында Қостанай облыстық ішкі істер департаменті қауіпсіздік басқармасының бастығы Жарасхан Ақбердиев интернет-мәслихатта айтып берді.

«Үстіміздегі жылғы 4 шілдеде Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай кентінде өз қызметін атқарып жүрген полиция капитаны, учаскелік инспектор тірек бекетіне кешкі уақытта ересектердің қарауынсыз қалып қойған екі кәмелетке толмаған қызды алып келеді. Ол қыздарды бөлек кабиналарға орналастырады. Солардың біреуін қорқытып, зорлап жібереді. Осыған байланысты 6 шілдеде қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция капитаны қамауда отыр», деп түсіндірді Ж.Ақбердиев.

Таяу күндерде қылмыстық іс сотқа жолданады. Полиция капитанының мұнда кезектен тыс аттестаттаудан кейін келгені де белгілі болды. Ол былтырғы жылы өткен сынақтан кейін аталмыш елді мекенге облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасынан келген болып шықты.

Айтқандай, осы күндерде оның бұрынғы әріптестерінің бірқатары есірткі саудасына «қорған» болып жүргені үшін қолға түсіпті. Жақын аралықта олардың да істері сотта қаралады.

Құрыш Нұрымбет.