Аймақтар • 14 Ақпан, 2020

Түркістан: Әлеуметтік қамсыздандыру саласына өткен жылы 82 млрд теңге қарастырылған

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында табиғи өсім жоғары, халық тығыз орналасқан. Бұл өз кезегінде әлеуметтік саланың басты назарда болуын міндеттейді. Халыққа есеп беру кездесуінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев әлеуметтік қамсыздандыру саласына 2019 жылы 82 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті.

Түркістан: Әлеуметтік қамсыздандыру саласына өткен жылы 82 млрд теңге қарастырылған

Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатындағы және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалармен 96 мыңға жуық адам қамтылып, жоспар 20,6%-ға артығымен орындалған. «Осы бағдарлама аясында бірінші рет өз ісін ашуға ниет білдірген 8 мыңға жуық азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант ұсынылып, жеке ісін ашуға мүмкіндік берілді», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ былтыр аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген. Атаулы әлеуметтік көмекке 70млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл сома өзге жылдармен салыстырғанда анағұрлым қомақты. Соның нәтижесінде облыс халқының үштен бір бөлігі немесе әр отбасы орта есеппен айына 100-120 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмекпен қамтылған. «Көмек алушылардың 60 пайызы көпбалалы отбасылар санатынан. Осындай қолдаудың арқасында 6 690 отбасы әлеуметтік көмек есебінен өз ісін ашуға және өз табысын арттыруға мүмкіндік алып, 43 мың жұмыссыз азамат атаулы әлеуметтік көмек аясында жұмыспен қамтылды», деді Өмірзақ Шөкеев.

Биылғы жылы әлеуметтік қолдауда елеулі өзгерістер енгізілгені мәлім. Қазірдің өзінде жаңа өзгерістер бойынша 100 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алған.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 2019 жылдың қорытындысы бойынша халық  алдында есеп беру кездесуі өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.