Аймақтар • 14 Ақпан, 2020

Түркістан: Су құбыры мүлде жоқ 43 елді мекенге сапалы ауызсу жеткізілді

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі жолы ретінде аудан, қалалардың елді мекендерінде инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде. Осы орайда, өткен жылы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында, 103 нысанның құрылысына 13,7 млрд теңге қарастырылған.

Түркістан: Су құбыры мүлде жоқ 43 елді мекенге сапалы ауызсу жеткізілді

Бөлінген қаржыға су құбыры мүлде жоқ 43 елді мекенге жаңа ауызсу жүйелері жүргізілген. «Кеңес заманынан бері орталықтандырылған ауызсу жүйесі салынбаған Созақ ауданындағы 5 елді мекенге, Шардара ауданындағы 5 елді мекенге  ауызсумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 12 елді мекеннің тозығы жеткен ауызсу жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде, қамту деңгейі 80%-дан асты немесе 671 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылға 45 нысанның құрылысына 15 млрд теңгеден астам қаржы бағытталып отыр», деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халыққа есеп беру кездесуінде. Су құбырымен қамтылмаған 26 елді мекенді жаңа ауызсу жүйелерімен қамтып, 12 ауылдағы тозығы жеткен су құбырларын қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ небәрі 16%-ы кәріз жүйесімен қамтылған Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту  мақсатында жан-жақты талдау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде қаланы 2024 жылға дейін  100% кәріз жүйесімен   қамтамасыз ететін  10 нысанның жобасы әзірленіп, кешенді жоспарға енгізілген. Ал табиғи газбен қамту бойынша өткен жылы өңірде 54 нысанның құрылысына 19 млрд теңгеден астам қаржы  бағытталған. 

Биыл бюджеттен 18 млрд теңгеден астам қаржы  қаралып, 25 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жылдың соңына дейін Түркістан қаласын газбен толығымен қамту көзделіп отыр.

Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін газға қосылмаған 78 елді мекеннің 39 –ына «көгілдір отын» берілген. Облыс әкімі бекітілген жол картасына сәйкес, 39 елді мекен жыл соңына дейін «көгілдір отынға» қосылатынын мәлім етті.