10 Тамыз, 2013

Шәкен Аймановтың үйі гей-клубқа айналып кетіпті

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Казахфильм

Қазақстан Кинематографистер одағында жанжал қызып келеді. Ұйымның бірқатар мүшелері одақтың қазіргі басшысы – еңбегі сіңген өнер қайраткері Игорь Вовнянконың отставкаға кетуін талап етуде. Бұл туралы «31 арна» хабарлады.

Шығармашылық зиялы қауым өкілдері Вовнянко бұл орында заңсыз отыр деп есептейді. Себебі, соңғы сайлауда ол қажетті дауысты ала алмаған көрінеді.

Бұдан басқа, одақ мүшелері бұл адам тізгінді ұстаған уақытта Алматыдағы кино үйі өз мақсатында пайдаланылудан қалды деп отыр.

«Біз оның неліктен тістей қатып, орнынан кеткісі келмейтінін енді түсіне бастадық. Сөйтсек, соңғы төрт жылдан бері кино үйін, келесі жылы туғанына 100 жыл толатын Шәкен Аймановтың үйін гей-клубқа жалға беріп келе жатыр екен», - деді журналистерге режиссер Болат Шәріп.

Ашуға мінген кинематографистер қайта сайлау өткізуге күш салған. Төраға бұған келіспегесін, осы былықтың бәрін сыртқа шығаруға шешім еткендерін мәлімдеді.

Соған қарамастан, бұлар жаңа съезд өткізіп, жаңа төраға сайлап алыпты. Бірақ Игорь Вовнянко сонда да орнынан кетер емес. Ол барлығын сот шешеді деп отырған сыңайлы.

Мұрат Айтқожа.