11 Тамыз, 2013

Қызылордада ұлының көз алдында анасын өлтіруші сотталды

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ножовщина-3

Қызылордада баласының көзінше анасын өлтірген 35 жастағы азамат 16 жылға сотталды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің 96-бабы 2-бөлігі «д» тармағымен кінәлі деп танылған аса қатыгездікпен адам өлтірген бұл азаматқа қатысты сот үкімін жария етті», - делінген хабарламада.

Сотталушы Б. өзінің көршісі марқұм болған азаматша С.-ның үйіне келіп, қарызға 1500 теңге ақша сұраған.Үй иесі тек 500 теңге ғана береді. Бұған көңілі толмаған Б. әйелмен жанжалдасып қалады. Осы жерде әлімжеттік көрсеткен сотталушы үй иесінің кәмелетке толмаған ұлын бір ұрып жығып, ас үйден пышақ алып келеді. Онымен үй иесі әйелді соғады. Осы сәтте анасының қансырап жатқанын көрген жасөспірім қолына ағаш оқтау алып, сотталушының басының шүйде тұсынан екі-үш рет ұрады.

Алайда, Б. Жасөспірімнің әрекетін қайтарып тастап, жатын бөлмеге қашып бара жатқан жәбірленуші қуып жетіп, тағы бірнеше рет пышақ салады.

Жәбірленуші кәмелетке толмаған баласының көз алдында ес жимастан қайтыс болған.

Сөйтіп, сотталушы Б. аса қатыгездікпен басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтіріп, кісі өлтірген.

Басты сот талқылауында сотталушы Б. өзіне тағылған айыпты ішінара мойындаған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Құрыш Нұрымбет.