11 Тамыз, 2013

Қазақстандық студенттер Бостондағы терактіге байланысты ақталуы мүмкін

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Верховный Суд-2

АҚШ-тың Бостон қаласында сәуір айында орын алған терактіге байланысты қамауға алынған қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев ақталып қалуы ықтимал. Бұл туралы RT агенттігінің орыс бөлімшесі хабарлады.

«Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев Бостондағы лаңкестікке байланысты өткізілетін сот мәжілістерінде өздерінің кінәлары бар екенін мойындағылары келіп отырған жоқ. Олардың адвокаттары айыптаудың негізі тиянақсыз екенін, ал айыпталушылар өздерінің кінәлары жоқтығын мәлімдеуден қайтпайтынын жеткізді», - делінген онда.

«Алайда, айыпталушылар өз кінәларын мойындай қалған жағдайда, оларды отандарына қайтару мүмкіндігі тек жазаларын өтегеннен кейін ғана мүмкін болады», - деп хабарлады «Интерфакс».

Қазақстандық 19 жасар екі студентке құқық қорғау органдарына кедергі келтіру мақсатымен күдіктімен келісімге келген деген айып тағылып отыр. Бұрын хабарланғандай, оларға Джохар Царнаевтың кейін күл-қоқыс арасынан табылған ноутбук мен фейерверк салынған рюкзагін лақтырып жіберді, деген айып тағылған болатын. Құқық қорғау ісіне кедергі келтірді деген және келісімге келді деген айыптаулар бойынша қос студентке жалпы мөлшері 25 жылға дейін түрмеде отыру жазасы кесілуі мүмкін.

Еске сала кетейік, ағалы-інілі Тамерлан және Джохар Царнаевтар үстіміздегі жылғы 15 сәуір күні Бостонда өткен марафоннан кейін жарылыс жасап, үш адамның ажал құшуларына себеп болды деген айып тағылған еді. Соңынан болған атыс кезінде Тамерлан қаза тапты да, Джохар қолға түсті.

Айыптау қорытындысында осы іске орай қамауға алынған үшінші адамның да аты аталып жатыр. Ол қазақ студенттерінің сыбайласы саналып отырған 19 жасар америкалық Робел Филлипос көрінеді. Жас жігіт федералды тергеушіге жалған жауап берді деген айып тағылыпты.Ол сотқа дейін 100 мың долларды кепілдікке төлеп, бостандыққа шығыпты.

Сұлтан Бозайғыр.