Қазақстан • 15 Ақпан, 2020

Қырғызстанның ескертуіне Қазақстан жауап берді

5245 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен аптада Қырғызстанның Экономика министрлігінің сайтында «Қырғызстан Қазақстаннан ДСҰ шеңберіндегі сауда кедергілерін алып тастауды талап етті» деген ақпарат жарияланған болатын. 

Қырғызстанның  ескертуіне Қазақстан жауап берді

Ведомствоның хабарлауынша, 2019 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Қырғызстаннан транзиттік тауарлар қозғалысында айтарлықтай кідірістерге тап болды. Бұған Қазақстан Республикасының күшейтілген тексерістері себеп болыпты. «2019 жыл ішінде Қырғызстан Қазақстанға ресми жазбаша үндеулер жіберді және ДСҰ алаңында екіжақты консультациялар өткізді. Онда қырғыз тарапы қазақстандық тарапты көліктердің жаппай толып кетуінің сыни жағдайымен жан-жақты таныстырып, қолданылған сауда кедергілерін алып тастауға және ДСҰ белгілеген ережелер аясында әрекет етуге шақырды» деп атап өтті көрші елдің  экономика министрлігі.

Министрлік шекарадағы жағдайдың жақсару белгілерінің болмауына байланысты, 2020 жылы 11 ақпанда Қырғыз Республикасы Экономика министрінің орынбасары Эльдар Алишеров пен ДСҰ мәселелері бойынша Экономикалық істер министрлігінің кеңсесінің басшысы Нұрбек Мақсұтов ДСҰ-ның Саудаға жәрдемдесу комитетінің отырысына қатысты. Онда шенеуніктер жүктерді тасымалдау, тауарларды инспекциялау және Қырғыз Республикасының аумағы арқылы транзиттік тауарларды өткізудегі қиындықтар кездескені сөз болды.  Қырғызстан Қазақстанның инспекциялық органдары өкілдерінің заңсыз әрекеттерін жариялады және Қырғызстан жүк тасымалдаушыларының Қазақстан аумағын кесіп өту кезінде өткізу пункттерінде тауарларды тексерулердің ұлғаюына байланысты тап болған қиындықтарды егжей-тегжейлі сипаттап шықты. Министрліктің сөзіне қарағанда, Қырғызстан Қазақстанды ДСҰ алдындағы міндеттемелерін қатаң орындауға және ұйымның келісімдері аясында әрекет етуге шақырды, сонымен бірге жасырын сауда кедергілерін тез арада жоюды және қырғыз жүк тасымалдаушыларына кедергісіз транзиттік маршруттарды ұсынуды талап етті.

Кеше Қазақстанның Сауда министрлігінің сайты Қазақстан Қырғызстанның шағымдарына жауап бергенін хабарлады. Министрлік Қырғызстан көтерген барлық мәселелер елдердің ЕАЭО-ға қатысумен байланысты екенін түсіндірді. Сондықтан олар екіжақты немесе одақ шеңберінде  шешілуі керек.

Сауда министрлігі 2019 жылы Қазақстан Қырғызстанның кедендік әкімшілігінің жеткіліксіздігі Қазақстан мен ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің бюджетінің ҚҚС және кедендік баж салығын шығынға алып келді деген мәселені бірнеше рет көтергенін көрші елдің құзырлы орындарының қаперіне салып өтті.  «Кездесу барысында ДСҰ мүшелеріне Қазақстан жүргізген тексерістердің нақты негіздемелері ұсынылды. Бұл құжат ҚҚС түсімдерінің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында ЕАЭО мүше мемлекеттерінің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға мониторинг жүргізу, жалған транзитке қарсы тұру, ЕАЭО мүше мемлекеттердің аумағына үшінші елдерден тауарлардың кіруіне жол бермеу, бағаланбаған құн, сондай-ақ тауарлардың шығарылу ережелерін сақтауды талап етуді қамтиды.   

«2019 жылы Қазақстанның мемлекеттік кірістер органдары жүргізген жұмыс нәтижелері бойынша 2,6 мыңнан астам факт анықталды»,  деп хабарлады Сауда министрлігі.

Қазақстан делегациясы тексерулерді ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттерге қатысты бірдей жүргізіп жатқанын және Қазақстанның көліктері де осындай тексерістен өтетінін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының өкілдері Қазақстанның қолданатын барлық шаралары ДСҰ тарифтері мен саудасы туралы ДСҰ Бас келісімінің 1-бабына, «ұлттық режим» 3-бабына және «транзит бостандығы» 5-бабына толығымен сәйкес келетіндігін атап өтті.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация Қырғызстанды ЕАЭО-ға кірген кезде осы елдің қабылдаған міндеттемелерін орындауы қажет екенін еске салды.  Қазақстан Республикасының делегациясы қырғыз серіктестерін Қазақстанмен кедендік әкімшілендіруді жетілдіру туралы екіжақты келісімдерді, оның ішінде навигациялық пломбаларды қолдану арқылы Қырғыз Республикасынан ЕАЭО мүше елдеріне Қазақстан арқылы жіберілетін тауарлардың транзитіне бірлескен бақылау керек екенін айтты.

«Біз тауарлардың қозғалысын бірлесіп бақылау үшін, сондай-ақ баға көрсеткіштерін қамтамасыз ету және импорт көлемін бақылау үшін навигациялық пломбаларды пайдалану туралы екіжақты келісімдерді орындау қажеттігін атап өтеміз. Өкінішке қарай, Қырғызстан бұл келісімдерді орындаған жоқ. Сондықтан, Қазақстан 2019 жылдың қазан айынан бастап біржақты тәртіпте электрондық навигацияны қолдану жөніндегі жобаны жүзеге асыруды бастады. Осы пилоттық жобаны қолдану барысында   Қазақстан  Республикасының базарларында пайда болған құжаттарда көрсетілген маршруттан ауытқудың 10 фактісі, жүк машиналарының осы пломбаларды пайдаланудан бас тартуының 26 ​​фактісі, пломбалардың қолданылмауының 12 фактісі анықталды, бұл Қырғыз Республикасының келісімдерді орындауды қаламайтындығын көрсетеді. Тиісінше, Қазақстан ұлттық экономикалық мүдделерге нұқсан келтірмеу үшін бақылау шараларын қолдануға   мәжбүр»,  деп қорытындылады Сауда министрлігі.