11 Тамыз, 2013

Түрікмендер қауын мейрамын тойлап жатыр

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дыня туркменская-1

Бүгін жылдағы осы уақыттағы дәстүр бойынша күллі Түрікменстан жұрты тайлы-таяғы қалмай қауын мейрамын атап өтуде. Бұл туралы «24 KZ» телеарнасы хабарлады.

Ежелден түркімендердің даңқын шығарып жүрген айшықты заттардың біріне осы қауын да жатады. Әдетте былайғы жұрт оны «Шаржоу қауыны» ретінде біледі. Жегенде дәмі тіл үйіретін балдай тәтті бұл қауындардың даңқы әлдеқашан жер-жүзін аралап кеткен.

Қазақстанда күні бүгінге дейін ең тәтті қауын Қызылорда облысының Шиелі ауданында өсіріледі деп есептеледі. Бұл ауданда шынында да кезінде ең керемет қауындар өсірілуші еді. Және оның көлемі де көп болатын. Сондықтан кешегі кеңес кезеңінде осы бір ауданда ғана екі бірдей қауын қабылдау пункті (Шиелі, Бәйгеқұм) жұмыс істеді. Қазір соның бірі де жоқ. Бұдан ышғатын тұжырым, Шиелі қауынын қайта қолға алып, дамыту керек.

Кезінде Шиелі қауыны туралы қаншама ғылыми еңбектер мен әдеби туындылар жазылды. Мысалы, талантты жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов тіпті бір әңгімесін «Шиелі қауыны» деп атады. Әңгіменің жақсы шыққаны сондай, оның орыс тіліне аударылған нұсқасы «Огонек» журналында жарық көрді.

Енді түркімен жеріндегі мерекеге қайта келейік. Мұнда сауық құрып жүрген халық ойын-сауық кештерінің қызығын тамашалаудан бөлек, қауын мен қарбыздың дәмін татады. Бұл мереке 1994 жылы бірінші Президент Сапармұрат Ниязовтың бастамасымен елдің ерекше күндері тізіміне енген. Мақсаты түрікмен елінің қауындарын бүкіл әлемге дәріптеу болып отыр.

Мұрат Айтқожа.

Соңғы жаңалықтар