Аймақтар • 15 Ақпан, 2020

Аудандық мұражай жастар тәрбиесіне қызмет етпек

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында жастарды ішкі істер қызметінің тарихымен таныстырып, маңызын көрсетіп, ерлік істерді үлгі ету мақсатымен ведомстволық мұражай ашылды.

Аудандық мұражай жастар тәрбиесіне қызмет етпек

Мұражайдың ашылу салтанатына осы ауданнан шығып, ішкі істер қызметінің республикалық деңгейдегі басшыларының бірі болған генерал Әлімжан Ахмадин қатысып, өзінің жеке мүліктерін музей қорына тапсырды. «Мен түрлі лауазымдарда қызмет атқарып, милицияға қырық жылдан астам өмірімді арнаған адаммын. Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне дейін жеттім. Туған өлкеме осымен екінші мәрте Алматы қаласынан ат терлетіп келіп отырмын. Мұражайға естелік болсын деген ниетпен өзімнің шинелімді, папахамды, кителім мен фуражканы, былғары етігімді сыйға тарттым», - деді ол.

Сондай ақ мұражайға запастағы полиция полковнигі Сәбит Ысқақов, милиция ардагері Қобылан Хамзинның жұбайы Сақып Қоспанқызы және т.б. бағалы экспонаттар тапсырды. Мұражайдың ашылуымен жиналғандарды аудан әкімі Нұрлан Есімов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полковник Қанат Айтбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы, подполковник Қабидолла Нұрахметов және т.б. құттықтады.

Бұл – облыс аудандары полиция бөлімдерінде ашылып отырған бесінші мұражай екен Бұл туралы өзінің сөзінде Қанат айтбаев атап өтті. «Осындай игі дәстүрді басқа аудандарда да жалғастырмақпыз», - деді ол.

Жаңа мұражайға қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан, Ұлы Отан соғысына, Ауған соғысына қатысқан қызметкерлер, бөлім басшылары, қызмет бабында ерлігімен ерекшеленген сақшылар туралы арнайы экспозициялар қойылған.

Солтүстік Қазақстан облысы