Спорт • 16 Ақпан, 2020

Азия біріншілігінде үш зілтеміршіміз жеңіс тұғырына көтерілді

884 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасында Азия біріншілігі өтіп жатыр.

Азия біріншілігінде үш зілтеміршіміз жеңіс тұғырына көтерілді

Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында үш жүлде бар. 55 кило салмақта өнер көрсететін Абылай Әуелханов қоссайыстың қорытындысы бойынша 227 (97+130) килолық зілтемірді еңсеріп, жасөспірімдер арасында екінші және жастар арасында үшінші орынды иеленді.

64 кило салмақта бақ сынаған Гүлнұр Ыбырай жасөспірімдер сайысында алтыннан алқа тағынса, жастар арасында күміс медальді мойнына тақты. Қазақ қызының көрсеткіші – 198 (88+110) кило.

61 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ақмолда Сайрамкез 267 (117+150) килолық нәтижемен жастар арасындағы жарысты қола медальмен қорытындылады.