11 Тамыз, 2013

Шығыс Қазақстанда өз әріптесін өлтірген бақташы әйел ұсталды

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арест-3

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының полицейлері бір бақташы жігітті өлтірген бақташы әйелді оқиғаның ізін суытпай қолға түсірді. Бұл туралы Altaynews.kz тілшісі хабарлады.

Қайғылы оқиға тамыздың 7-сі күні шамамен сағат 16:00-де болған. Екі бақташының бірге арақ ішулерінің соңы осындай қылмысқа апарып жеткізген.

Шаруа қожалығының 55 жастағы иесі өз бақташысының өлі денесін ас үйден көріп қалады. Өлікті көрген бойда ол полицияға хабар салады. Аудандық ішкі істер бөлімі тергеу-жедел іздестіру тобы қызметкерлерінің шұғыл ұйымдастырған жұмыстарының арқасында қылмысты жасаған адам тез арада ұсталды. Ол осы шаруа қожалығында жалданып жұмыс істеп жүрген 39 жастағы бақташы әйел болып шықты.

Анықталғандай, оқиға екеуінің ас үйде түскі тамақтану кезінде бірлесіп арақ ішулерінен кейін өрбіген. Қызып қалған бұлар алдымен сөзбен ілініседі. Ал соңы тікелей төбелеске ұласып кетеді. Сол арпалыстың үстінде әйелдің қолына ас үй пышағы ілініп, ол сонымен 40 жасар еркектің кеуде тұсынан ұрады. Осы алған жарақаты салдарынан жігіт оқиға болған жерде жан-тәсілім етеді.

Қазір полицейлер қылмысты әйелді уақытша ұстау оқшаулағышына отырғызып қойды. Оған Қылмыстық кодкстің 96-бабы 1-бөлігімен айып тағылмақшы.

Құрыш Нұрымбет.