Ет экспорты дегенде қазақтың ірі қара малы мен уақ түлігінің шетелге тірі күйінде сатылып жатқаны еске түседі. Қазір бұл бағытты мемлекет реттеуге кірісті. Яғни сыртқы нарыққа мал шығаруға тыйым салынды. Енді отандық өндіріске қажетті шикізат көзі көбейіп, ет және ет өнімдерімен айналысатын кәсіпорындар жұмысы жандануы тиіс. Мұның нәтижесін жақын уақытта көретініміз анық.
Ал сыртқы елдің сұранысын өтеуге қажетті ет өндірісінің барлық түрін қолдау өз жемісін бере бастады. Еліміздегі шошқа шаруашылығын дамытуға қатысты жұмыстарға қарап солай деуге болады. Жалпы, талпақ танау етіне Қазақстанда сұраныс төмен екені белгілі. Есесіне көрші Қытай елі біздің нарықтағы доңыз етіне қызығушылық танытып келеді. Жалпы, әлемде өндірілген шошқа етіне сұраныстың 50 пайызға жуығы Қытайға жөнелтіледі дейді деректер. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде алдағы 6 жыл ішінде 26 ірі шошқа шаруашылығы ашылмақ. Жылына 50 мың тоннаға дейін ет беретін кешендердің жанынан доңыз тұқымын асылдандыру мен сұрыптаумен айналысатын арнайы орталықтар да құрылады.
Демек, Қытаймен шекаралас облыстардағы шошқа шаруашылығын дамытудың негізі бар. Қазір талпақ танау өсіру Алматы облысында жолға қойылған. Былтыр аймақтағы «Бекон» серіктестігі асыл тұқымды шошқа өсіру зауытын ашқан болатын. Мұнда 1800 бас талпақ танауға арналған селекциялық-гибридтік орталық жұмыс істеп тұр. Өндіріс жылына 60 мың тонна шошқа етін экспортқа шығаруға қабілетті.
Жақында Алматы облысында 1200 бас шошқа жемдейтін кешен тағы ашылды. Қаратал ауданындағы «Агро-Инвест-Қаратал» серіктестігі «Аграрлық несие» корпорациясының қаржыландыруымен шошқа етін дайындайтын кешенді іске қосты. Үштөбе қаласында орналасқан өндіріс кластерлік жүйемен жұмыс істемек. Мұнда шошқа басын көбейту мен бағып, семірту және сойып ет дайындау жұмысы толық жүзеге аспақ. Жаңа заманғы технологиямен басқарылатын кешенге 815 млн теңге инвестиция жұмсалған. Өндіріс толық қуатына көшкен кезінде күніне 13 тонна ет дайындалып, 60 адам жұмыспен қамтылмақ. Қазір мұнда 1200 бас шошқа жемдеуге қойылған. Талпақ танау санын көбейту үшін Дат елінен Ландрас және Йоркшир тұқымдас 312 бас мегежін сатып алынған екен. Айыр тұяқты жануардың үлесін 2400 басқа дейін жеткізу мақсаты тұр. Ал дайын өнім көрші Қытай нарығына жөнелтілмек.
Алматы облысы