Су электр стансасының мамандары «Andritz Hidro GmbX» компаниясындағы серіктестерімен бірлесе отырып, №4 жаңа гидроагрегатты құрастырып шықты. Нысанды түбегейлі жаңғырту жобасының бұл соңғы сатысы, соның нәтижесінде стансаның қуаты 26%-ға ұлғаяды. Бұл күндері Шардара ГЭС-інде байқау мақсатында іске қосылған №4 жаңа гидроагрегат тест сынақтарынан өтуде. Турбина мен жабдықтың жұмысы қадағаланып, алынған нәтижелерге талдау жүргізілуде. Мамандар жаңа импорттық жабдық жылына қосымша 57 млн кВт сағат электр энергиясын өндіруден тыс, су стансасының жұмыс істеу мерзімін 35-40 жылға ұзартуға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ ГЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырып, апат деңгейін төмендететінін айтуда.
Елу жылдан астам уақыт қызмет еткен Харьков зауытының ескі гидротурбиналары аустриялық-германиялық «Andritz Hidro GmbX» компаниясының өніміне ауыстырылған. Жаңа гидроагрегаттар электр энергиясын өндіруді жылына 480 млн кВт сағаттан 537 млн кВт сағатқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Түркістан облысын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуде және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие.
«Самұрық-Энерго» АҚ Үкіметпен байланыс және коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, жобаның жалпы құны – 38 млрд теңге. Қаржыландыру 32%-ға «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қаражаты, 68%-ға несие есебінен іске асырылуда. Жоба мердігері – аустриялық-германиялық «Andritz Hidro GmbX» компаниясы. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында әрқайсысының қуаты 31,5 МВт болатын алғашқы екі гидроагрегатты іске қосу арқылы Шардара ГЭС-і электр өндірудің жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. Жоспарланған 378 000 мың кВт сағаттың орнына 464 841 мың кВт сағаттан астам электр энергиясы өндірілді. Қуаты 31,5 МВт болатын алғашқы жаңа гидроагрегат өткен жылғы ақпанда іске қосылса, сәуір айында екінші, ал желтоқсанда үшінші гидроагрегат пайдалануға берілген болатын.
Енді төртінші гидротурбина орнатылып, тест сынақтарынан өткеннен кейін, Шардара ГЭС-інде стансаның жобалық қуаты 126 МВт-қа шығуға дайындық басталады.
Түркістан облысы