Медицина • 17 Ақпан, 2020

МӘМС және ТМККК бойынша қалай емделуге болады?

2374 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі  консультациялық-диагностикалық көмекке бюджеттен бөлінетін қаржы 6 есеге артты. Нәтижесінде халыққа бейінді  мамандардың (узкий специалист) кеңесі, қымбат диагностикалық және зертханалық қызметтер қолжетімді болып отыр. Ал бұл қызметтерді қалай тегін алуға болады және ол үшін не істеу керек?

МӘМС және ТМККК бойынша қалай емделуге болады?

 

КДК дегеніміз не?

Консультациялық-диагностикалық көмек  бұл – мамандандырылған медициналық көмек. Оған мынадай қызметтер  кіреді: бейінді мамандардың қабылдауы, зертханалық және диагностикалық зерттеулер.

Тегін медициналық қызмет пен медициналық сақтандырудың айырмашылығы бар ма?

Егер емханада көрсетілетін қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) кіретін болса, онда консультациялық-диагностикалық көмекті ТМККК пакетінен де, МӘМС пакетінен де алуға болады.  КДК  нақты пакеттерге  бөлінбейді. Ал КДК қаржыландыру  көзі пациенттің жүгінуіне  және ауруына байланысты автоматты түрде анықталады.

КДК

Мемлекет есебінен  тегін көрсетілетін КДК тізімі:

КДК қалай алуға болады немесе диагностикалық қызмет неге пациенттің қалауымен көрсетілмейді?

Консультациялық-диагностикалық көмек алу үшін алдымен өзіңіз тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерге немесе жалпы тәжірибелік дәрігерге бару қажет. Мұнда МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңізді анықтаңыз және медициналық ұйымға тіркелу маңызды. Өйткені ТМККК пакетімен  қатар медициналық сақтандыру пакетінен де  КДК алуға болады.

Учаскелік дәрігер мен жалпы тәжірибелік дәрігер – бұл бүгінде әмбебап мамандар. Олар  диагностика жүргізеді, көп таралған аурулар бойынша ұсынымдар мен ем тағайындайды.

Мәселен, егер сіз көру қабілетіңіздің нашарлауына байланысты өз дәрігеріңізге жүгінсеңіз, онда консультациялық-диагностикалық қызметтердің кепілдік берілген көлемі диагноз қоюға, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде тексеруден өтуге мүмкіндік береді. Жалпы тәжірибелік дәрігердің кеңесі мемлекет кепілдік берген тегін қызметке кіреді.

Егер бейінді маманның  қосымша тексеруі қажет болса сіздің диагнозыңыз айналаға  қауіпті әлеуметтік-маңызды аурулардың тізбесіне кірмесе және созылмалы аурулар  бойынша диспансерлік есепте тұрмасаңыз, онда КДК сақтандыру пакеті есебінен қолжетімді.

«Егер пациенттің басы ауырып терапевтке барып, науқастың артериялық қысымы бары анықталса, онда терапевт тексеріп, өз бетінше ем тағайындай алады. Егер тексеру барысында басқа патологиялар, мысалы, қан тамырларының тарылуы, жүрек жұмысының бұзылуы анықталса, онда бейінді маман – кардиологқа жібереді», дейді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Бауыржан Жүсіпов.

Учаскелік дәрігер бейінді маманның кеңесіне, қымбат зерттеулерге  тек көрсеткіштер бойынша ғана жолдама жазып бере алады.

«Пациентке  қымбат консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетуден ешкім бас тартпайды. Бірақ дәрігер жолдаманы негізсіз немесе пациенттің қалауы бойынша бере алмайтынын да  түсіну керек. Дәрігер науқастың шағымдарын жан-жақты қарап барып,  тексеруге жіберуі тиіс», дейді МӘСҚ Сараптама  және болжау департаментінің директоры Марина Фалеева.

 Учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз КДК қалай алуға болады?

Кейбір жағдайларда учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз да КДК алуға болады. Мысалы, бейінді дәрігер науқасты басқа бейінді маманға консультацияға, диагноз қою үшін қосымша талдау мен зерттеулерге жібереді. Жарақат немесе шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету, сондай-ақ тері және венерологиялық аурулар бойынша қарау кезінде бейінді маманға қайта қабылдауға жолдама қажет емес. ҰОС қатысушыларынан, мүгедектерден және оларға теңестірілген адамдардан, сондай-ақ жылжымалы медициналық пойыздары мен кешендер көрсететін қызметтерді алар кезде учаскелік дәрігерден жолдамасы  талап етілмейді.

 Бұл қалай жұмыс істейді?

«Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге  дайындық шаралары  соңғы бірнеше жыл бойы белсенді түрде жүргізілді, алайда азаматтар  жаңа жүйенің артықшылықтарын көре бастағанына бір айдан асты. Медициналық сақтандыру емханалардың жұмысына аса қатты  әсер еткен жоқ, ұзын-сонар кезек байқалмайды», дейді  Нұр-Сұлтан қаласындағы  №8 емханадағылар.

Медициналық сақтандыру қорының өкілі Марина Фалееваның айтуынша, кейбір қызмет түрлері, мысалы КТ және МРТ бойынша кезек болуы мүмкін, бірақ күту уақыты 10 күннен аспауы тиіс.

МӘМС

Жалпы алғанда, барлық консультациялық-диагностикалық қызметтер халыққа қолжетімді, тіпті, емхананың өзінде болмаса да, емханамен ынтымақтастықта жұмыс істейтін  мердігер медициналық мекемелерден өтуге болады. Ең бастысы, медициналық ұйым медициналық сақтандыру қорымен келісім-шарт жасаған мекемелердің тізімінде болуы  тиіс.

«Қарағанды облысындағы пилоттық жобаның тәжірибесі медициналық қызмет көрсетушілердің ауруханаішілік менеджментінің икемділігін көрсетті. Медициналық ұйымдар МӘМС іске қосқанда  заманауи технологиялық қызметтерге деген сұраныс жоғары болатынын біле отырып, өздерінің жұмыс кестесін қайта құрды, инфрақұрылым мен кадрлық әлеуетті дамыта бастады. Еліміздің басқа өңірлеріндегі жағдай да дәл осылай», деп түсіндіреді Марина Фалеева.

№8 емханадағы  №2 отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі Гүлмира Дүйсенбаеваның айтуынша, бүгінде отбасылық дәрігер медициналық ақпараттық жүйе арқылы пациентке жолдама жазып беру  үшін  және оған ыңғайлы уақытты таңдау үшін барлық жеткізуші медициналық мекемелердің  кестесін көре алады.

«Ешқандай қиындық жоқ. Мәселен, біздің емхананың зертханасында негізгі зертханалық тексеруден өтуге болады, ал өзге қызметтер жеке медициналық ұйымдарда көрсетіледі, олармен ынтымақтастық орнатқанбыз. Пациентке кез келген жағдайда қажетті барлық қызмет көрсетіледі  – азаматтар өз емханасына келіп, көрсеткіштер бойынша  бір жерде тегін анализ тапсыра алады, біз материалды жинап,  жеткізуші мекемеге  жібереміз, нәтижесі ақпараттық жүйеге түседі. Пациентке еш жерге  барудың қажеті жоқ», деп түсіндірді №8 қалалық емханадағылар.

Пациенттердің оң пікірлері осы жерде ескеріледі.

«Медициналық сақтандыру бойынша емделген адамдар жаңа жүйенің артықшылығын түсіне бастады. Өйткені адамдардың табысы әртүрлі, біреудің табысы көп, енді біреудікі аз, бірақ МӘМС жүйесіне  қатысушылар үшін бұл маңызды емес, сапалы және толық көлемде медициналық қызмет, оның ішінде қарпайым УДЗ-дан бастап қымбат тұратын ядролық медициналық  зерттеу әдістеріне дейін алады. Бұрын мұндай қызметтер халықтың кейбір әлеуметтік осал топтарына ғана қолжетімді еді», дейді №8 қалалық емханаға қарасты №2 отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі Гүлмира Дүйсенбаева.

Азаматтардың қалта шығыны азаяды

2020 жылдан бастап Қазақстанда медициналық қызметтер екі топтама бойынша көрсетіледі: тегін (базалық) және кеңейтілген (сақтандыру). МӘМС жүйесінде сақтандырылған адамдар мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің толық көлемін ала алады. 1 сәуірге дейін барлық қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған деп саналады, бірақ жарна төлемеген адамдарға мәртебесін нақтылауға тура келеді.

Өткен жылы КДК   26 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылға  156 млрд теңге қарастырылған. Бұрын құны қымбат қызметтер белгілі бір санаттағы адамдарға ғана қолжетімді еді. Енді оларды  көрсеткіш бойынша кез келген  сақтандырылған адам ала алады. Мұндай  медициналық қызметтерге жұрт қыруар қаржы жұмсап келгені анық. Сондықтан халық МӘМС жүйесі  жоғары технологиялық диагностика мен зерттеулерге  отбасылық бюджеттен жұмсалатын  шығындарды  айтарлықтай азайтады деп үміттенеді.