Аймақтар • 17 Ақпан, 2020

«Саятшылық – сал-серінің сарқыты» этнографиялық шарасы өткізілді

335 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстауда «Адай ата – Отпан тау» кешенінде жергілікті саятшы, құсбегілердің қатысуымен дәстүрлі «Саятшылық – сал-серінің сарқыты» атты этнографиялық шара болып өтті. Бұл туралы кешеннің көпшілік-экскурсия бөлімінен хабарлады.

«Саятшылық – сал-серінің сарқыты» этнографиялық шарасы өткізілді

Шараның мақсаты қазақтың бекзат өнері әрі ұлттық спорты құсбегілік пен саятшылықты халық арасында насихаттау, оған жастар мен студенттердің, оқушылардың қызығушылығын арттыру және шараны жалпы жұртшылық қатысатын ұлттық мерекеге айналдыру.

-Шара 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Шараға 30-ға жуық саятшылар мен аталмыш өнерге жаны құмар жандар, Маңғыстау туризм колледжінің студенттері мен оқытушылары қатысты. Жастарға өлкемізде өткен атақты аңшылар мен саятшылық, құсбегілік өнері туралы айтылды. Биылғы шараға облыс саятшыларымен қатар көрші Атырау облысының Құлсары қаласынан саятшылар қатысты, дейді «Отпан» МКҚК көпшілік-экскурсия бөлімінің меңгерушісі Ж.Айдарбек.

Сонымен қатар «Тазы Төбет Бөрібасар» ұлттық спорт федерациясы» РҚБ-нің Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жұлдызбай Қосмағамбетов, заңгері Еркін Бәлдеков пен республикалық дәрежедегі төреші Әбунасыр Байжанақов қатысып, федерацияның қазақы тазы мен төбеттерді сұрыптау, тұқымын жаңғырту бағытындағы жұмыстары туралы айтып беріп, келушілерге арнап төбеттердің қысқаша жекпе-жегін өткізді.

Шараға арнайы шақырылған Ділжанов Жұмағали ақсақал қазақтың қасиетті өнерін дамытып жатқан жастарға ақ батасын арнады.

Шөліркеп, ашыққан қонақтарға «Адай ата – Отпан тау» кешені дастархан жайып, самаурынды бұрқ-бұрқ қайнаған, қидың шоқ исі араласқан күрең шәй, ыссы бауырсақ пен палауын беріп, жұрттың ыстық ықыласына бөленді.