Кеңес барысында М-36 «РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы» 2453-2446 шақырым» автожолын Шамалған стансасының теміржол өткелінде жол өтпесін орната отырып, қайта құру мәселесі талқыланды. Аталмыш жоба бойынша өткен жылдың желтоқсанын айында «Тодини Конструциони Дженерали С.п.А.»/ «Integra Construction KZ» ЖШС консорциумымен келісімшартқа қол қойылған болатын. Құрылыс-монтаждық жұмыстар 2019 жылы басталды. Қазіргі таңда жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жиын барысында құрылысты уақытылы аяқтау, ағымдағы жылдың соңына дейін автомобиль жолының аталмыш учаскесінде жол қозғалысын қамтамасыз ету тапсырылды.
Сонымен қатар «Алматы-Бішкек» автомобиль жолының 16-19 шақырымындағы «Алтын Орда» және 18-19 шақырымдағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешені ауданындағы учаскесін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының барысы қаралды. «Алтын Орда» базары 16-19 шақырым учаскесіндегі жұмыстар 2020 жылдың желтоқсанында аяқталмақ. Бүгінгі таңда нысанда құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары жүргізілуде.
«Асыл Арман» ТК ауданы 18-19 шақырым учаскесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары 2019 жылдың желтоқсанында басталды. Жоба аясында түрлі деңгейде ұзындығы 550 метр болатын төрт жолақты қозғалысты ұйымдастыру арқылы көліктік жол айырығы мен жаяу жүргіншілерге арналған 1 жерүсті көпірінің құрылысы қарастырылған.
Кеңесте «Алматы-Бішкек» автожолын («Алтын Орда» базары 16-19 шақырым) күрделі жөндеуден өткізу жобасының іске асырылуын ерекше бақылауға алу және жобаны белгіленген мерзімде аяқтау туралы шешім қабылданды.
Бұдан бөлек, шара аясында «Ұзынағаш-Отар» автомобиль жолын реконструкциядан өткізу жұмыстарының барысы талқыланды. Ұзындығы 96 шақырымды құрайтын жолды реконструкциялау жобасы 2022 жылға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.