Қоғам назарын білім саласына аудару, педагог мәртебесін көтеру, ұстаздарға қолдау көрсетуге үндеген ауқымды шараға 400-ден астам ата-ана қатысты. «Ата-ана, ұстаз, оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» тақыбырында өткен форумда маңызды мәселелерді талқылауға Қызылорда, Тараз, Шымкент қалалары мен Түркістан облысынан ата-аналар, қамқоршылық кеңесінің төрағалары, кәсіподақ кеңесінің мүшелері, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен жастар ұйымының мүшелері атсалысты.
«Отбасында көп көңіл бөлінбейтін балалар жылулықты сырттан іздей бастайды. Олардың арасында түрлі оқиғаларға тап болып, тығырықтан шыға алмай қалатыны болады. Осыдан бала бойында қатыгездік қасиет, ал ата-аналарда «тәрбиеге көнбейтін бала» деген ұғым қалыптасады. Балаларымыздың жаны мен тәні аман болсын десек, барлық іске бірлесе жұмылған жөн. Ата-ананың бала тәрбиесіне деген көзқарасы мен олармен қарым-қатынасы қалыпты болуы керек», деді жиын барысында Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев. Сондай-ақ облыстың бас ұстазы бала мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту үшін, өңірдің барлық білім ұяларында қолға алынған рухани-адамгершілік тәрбиенің дамуына тікелей ықпал ететін шаралар жайлы айтып өтті.
Айта кетелік, Түркістан облысында мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайту мақсатында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, отбасылық тәрбие бағытында, әсіресе, әкелермен жұмысты жандандыру бойынша былтыр «Әкелер мектебі» ашылған болатын. Бүгінде аудандық, қалалық білім беру ұйымдарында ардагерлердің - 800, әкелердің - 900 және тәлімгерлердің 709 кеңесі жұмыс істейді.