Қазақстан • 17 Ақпан, 2020

Қазақстан әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсету сапасы артады

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, Қазақстан әуежайларындағы қызметтердің қолжетімділігі және e-Freight жобасына қатысты кездесу өтті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсету сапасы артады

Іс-шараға ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің өкілдері, отандық әуежайлардың тасымалдау қызметтерінің басшылары, «Air Astana», «Scat», «Fly Arystan», «Qazaq Air» әуе компанияларының және «TransInfoTech» ЖШС жолаушыларға қызмет көрсетуге жауапты өкілдері қатысты.

Отырыс барысында жолаушыларды тіркеу және отырғызу процедуралары кезінде жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту шаралары, рейстердің кешігу және кейінге қалдыру кезіндегі тасымалдаушылардың жауапкершілігі, сондай-ақ ана мен балаға арналған бөлме, жүкті сақтау камерасы, дәретхана, сымсыз Интернет (Wi-Fi) сияқты жолаушылар терминалдарындағы қызметтердің жекелеген түрлерінің қолжетімділігі талқыланды. Әуежайлар мен әуе компаниялары қызметкерлерінің қарым-қатынас мәдениеті, қызметкерлердің сыртқы келбеті, ақпараттық қамтамасыз ету сияқты аспектілердің маңыздылығы атап өтілді.

Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға, оның ішінде менталдық ауытқулары бар жолаушыларға қызмет көрсетуге ерекше назар аударылды. Мүгедектерге арналған арбаларының болуы, сондай-ақ әуе кемесінің бортына тасымалдау, көтеру,түсіру үшін арнайы көліктер пен механизмдердің болуы талқыланды.

«TransInfoTech» ЖШС өкілдерімен бірлесіп Қазақстандағы көлікті цифрландыру саласындағы E-Freight алғашқы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қаралды. «Е-freight» жобасын іске асыру жүктерді әуе көлігімен тасымалдау кезінде құжаттарды рәсімдеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді (20-ға жуық қағаз құжатты электрондық форматқа ауыстыру), жүктерді әуе көлігімен тасымалдау ағындарын өңдеу мерзімін қысқартады (жүктерді өңдеу мерзімін орта есеппен 1 күннен 1 сағатқа дейін қысқартады)  және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүктерді әуе көлігімен тасымалдау мен транзиттің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Кездесу аясында жүктерді өңдеу процесіне қатысатын әуежай қызметкерлеріне арналған бағдарламамен жұмыс істеу бойынша тренинг өткізілді.

Отырыс қорытындысында Қазақстан әуежайларының, әуе компаниялардың және авиациялық әкімшілік өкілдері барлық санаттағы  жолаушылар үшін әуе көлігімен тасымалдаудың қажетті жағдайлардын жасау бойынша бірлескен өзара іс-қимыл туралы шешім қабылдады.