Аймақтар • 17 Ақпан, 2020

Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы Қасық ауылдық округін аралады

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына жұмыс сапары барысында Қасық ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарды аралады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы Қасық ауылдық округін аралады

Округ орталығы саналатын Әлжан ана ауылында Бердібек Сапарбаев тәулігіне 15 емделушіге сапалы медициналық қызмет көрсетуге қабілетті дәрігерлі амбулаторияда болды. Нысандағы штаттық бірлік 14 қызметкерді құрайды. Оның екеуі дәрігер болса, жетеуі орта буынды медициналық қызметкер. Облыс әкімі мұнда міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, вакцинациялау мен скрингтеу, пациентпен жұмысты жақсартуға назар аударды.

Ал Әлжан ана ауылындағы тарихи музейі мен мәдениет үйінде болған Бердібек Мәшбекұлы жастардың мәдени-тынығу жұмыстарын ұйымдастыру, олардың қызығушылықтарына қарай түрлі үйірмелер ашуға мән беру қажеттігін тілге тиек етті. Мәдениет үйі жанында кітапхана, домбыра үйрету үйірмесі мен вокал жұмыс жасайды. Алдағы уақытта бұл үйірмелердің жұмысы жандана түсетін болады.

№ 23 Т.Рысқұлов атындағы мектептің педагогикалық ұжымымен кездесу кезінде өңір басшысы ұстаздардың назарын тәрбие беруде ата-анамен тығыз байланыста жұмыс жасау шараларына аударды. Бұл оқу орнындағы білім алатын 850 оқушыға білім беру жұмыстарымен 85 педагог айналысады. Сондай-ақ спортзал, заманауи үлгіде жабдықталған химия кабинеті, мультимедиялық кабинеттер, жоғары сынып оқушыларына арналған шеберхана, үлкен кітапхана жұмыс жасайды.
Бердібек Сапарбаев аталған нысанға биыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу ұсынысын қолдады. Қордай ауылының маңында орналасқан әмбебап аквапоникалық жылыжай тек қана көкөністер мен аскөк өсіріп қоймай балықтардың бабын табуға мүмкіндік береді.

Жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын жылыжайдың аумағы 0,7 гектарды құрайды. Нысан өткен жылы пайдалануға берілген. Толық қуаттылығына енгенде жылыжайда 20 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Қазірдің өзінде жылыжайда гидропоника әдісімен көкөністің 15 түрі өсіріледі. Сондай-ақ 0,2 гектар жерге құлпынай тұқымы себілді.

Өңір басшысы жергілікті тұрғындарды қысқы мерзімде қажетті өнімдермен арзан бағада қамтамасыз ету үшін жоғары технологиялы жылыжай шаруашылығын белсенді дамытуға мән беруді тапсырды.

Жұмыс сапарын қорытындылаған Бердібек Сапарбаев барлық тапсырмалардың өз уақытында сапалы орындалу керектігін ескертіп, олардың орындалуын жеке бақылауына алатынын жеткізді.