Аймақтар • 18 Ақпан, 2020

Қарасазға ақпанда аққу қонды

845 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Хан Тәңірінің мұзарт шыңы менмұндалап тұратын дала атырабында ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жыр­ламаған жылға да, қыр мен орман да жоқ.

Қарасазға ақпанда аққу қонды

Туған жер­дің қасиетті топырағына дейін аялай жырына қосқан ақын­ның әрбір өлең жолында махаббат пен сағыныштың табы жатқаны хақ. Ақынның туған күні өзі туып өскен Қарасаз маңында мөлдіреп ағып жататын Қарасуға алты аққудың қонуы жырға құмар өлкені елең еткізгені анық. Осынау ерекше көріністі тамашалағанда ақиық ақын жырлаған мына бір жыр шумақтары еріксіз ойға оралады.

 Беу, дүние-ай, аққулар оралғанда,

Айдын көлдің иесі жол алғанда.

Жетісіп бір «Жетім көл» қалушы еді-ау,

Тынушы еді-ау, теңселген қара орман да.

Таянғанда аққулар қонар маңға,

Басушы еді-ау, байызын бар арман да!

Қанатынан аққудың балапандап,

Əн ұшатын сымпылдап таң атарда.

Сүйінші бер дегендей бір толықсып,

Сыбырлайтын «Жетім көл» Алатауға.

Тына қалып бұлбұл да жаға-талда,

Қарай-тұғын айдынға, ақ отауға.

Таң мен күннің арасы таянғанда,

Таудың басы алаумен боялғанда,

Тірілетін таудағы бар тіршілік,

Қанатынан аққудың оянған ба?!

Бұл тосын көріністі қарасаздықтар ақиық ақынның келер жылы туғанына 90 жыл толуының хабаршысындай қабылдап, жақсылықтың жаршысына балап отыр. «Аққулардың Мұқағали ағамыздың туған күні 9 ақпанда келіп қонуы Қарасаз халқына ерекше жігер бергендей. Бүгінгі ұрпақ рухани келбеті ұлт болмысын айшықтап тұрған Алаштың алып темірқазығына айналған тұғырлы тұлға Мұқағалиды ешкімге ұқса­майтын, ешкімді қайта­ла­майтын, інжу-маржан сөз құдіретін өз өрнегімен ерек­шелеген шынайы поэзия өкілі ретінде таныды. Қазақ­тың қарапайым тілінің нәрі мен мәнін Абайдан кейін түсіндіріп кеткен, қазақтың өлеңін мазмұн мен пішін жағынан түрленткен ақын Мұқағалидың мұрасы игілі­гіміз ғана емес, қастерлеп қадірлейтін қазынамыз», дейді әсер­лі әңгімесінде Қарасаз ауылының тұрғыны, ұстаз Әділ­жан Нөкеев.

Туған Қарасазына ақиық ақынның сәлемін жеткізуге кел­гендей, алты аққу айдын бетінде қиқулай сырғып барады. Ал ақпанның аппақ қары айдын көлмен ерекше жара­сым тапқан.

 

Алматы облысы