Бас жүлде үшін өткен бәсекеде отандасымыз Нидерланд өкілі Кики Бертенспен бақ сынасты. Екі сетке созылған кездесуде 6:1, 6:3 есебімен Бертенстің бағы жанды. Ал Елена осымен WTA турниріндегі үшінші финалының екеуінде жеңіліс тапты. Бұл Рыбакина мен Бертенстің корттағы екінші текетіресі. Былтыр халықаралық турнирдің жартылай финалында кездесіп, ол кезде де Нидерланд спортшысының бәсі биік болған-ды. Финалдық кездесуге дейін Рыбакина әлемнің 25-ші, Бертенс сегізінші ракеткасы болатын.
Финалдық сайыстан кейін 20 жастағы отандасымыз әлемдік рейтингте 19-орынға көтерілді. Бұл – Қазақстан теннисі тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Өйткені бұған дейінгі ең үздік нәтижеміз – 25-орын еді. Бұл нәтижеге 2012 жылы Ярослава Шведова және биыл Елена Рыбакина қол жеткізген-ді. Сөйтіп Рыбакина Қазақстан теннис тарихының жаңа парағын ашты.