Экономика • 18 Ақпан, 2020

Аудандар өзін өзі қамтамасыз ете ала ма?

64 реткөрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айта келе, бұл салаға шетелден инвесторлар тарту маңызды міндет екенін атап көрсеткен болатын. Бұл орайда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдеріне инвесторлар тартуды мықтап қолға алуды, аудан, қаланы өзін өзі қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жеткізуді жүктеп отыр.

Иә, инвестиция тарту – әкім­дердің жұмысын бағалаудағы басты көрсеткіштердің бірі екені мәлім. Осы ретте де Ордабасы ауданы өзгелерге үлгі боларлық бірқатар жобаны нәтижелі жүзеге асыра бастады. Сондай игілікті жобаның бірін күні кешегі есептік жиында облыс әкімі үйренуге болатын іс ретінде атады. Айталық Шұбар ауыл округі Тоқсансай елді мекенінде 130 гектар тәлімі жер­ге «BS-Agro Product» ЖШС жаңа технологиямен суарусыз әдіс арқылы «Сitrullus Lanatus (Мa­lali)» сұрыпты қарбыз көшетін отыр­ғызған. Алынған өнім – 23 тонна қарбызды 18 млн 860 мың теңгеге АҚШ-қа экспорттаған. Жалпы 130 гектар бақшаны күтіп-баптаудың әр гектарына кеткен шығын 70 мың теңге болса, табысы 9 млн 765 мың теңгені құрап отыр. Жобаның тиімділігі іс жүзінде дәлелін тапқандықтан, биыл Қажымұқан ауыл округінде 387 гектарға қар­быздың аталған сұрпын егу жоспарланған. Осы Шұбар және Қараспан ауыл округтерінде жылына 2 рет өнім алу бойынша тындырымды тірліктер атқарылды. Алдағы уақытта аудандағы 90 шаруа­шылықта 171,9 гектар жерге маусымында 2 рет өнім алу бо­­йынша қияр, картоп, қарбыз, қы­за­нақ, асқабақ, қырыққабат егу көз­делуде. Жалпы ауданда агросек­тор­дағы жаңа технологияларды игеру бағытындағы оң өзгеріс­тер бар.

Мәселен, соңғы жылдары аудан аумағында жылыжай салып жатқан тұрғындардың, кәсіпкерлердің саны артып келеді. Өткен жылы жылыжайлар кө­лемі 72 гектарға жеткен, ал жи­налған мыңдаған тонна өнім елі­міздің басқа аймақтарына жеткі­зіліп, көрші Ресейге экспортталды. Көп жылдан бері ауданда ағын су тапшылығы сезіліп келе жатқаны рас. Бұл орайда, тағайындалғанына жарты жыл енді толған, халықтың көңілінен шығатындай жұмыс атқарып үлгерген аудан әкімі Ә.Өсербаев тұрғындарға есебінде биыл каналдарды тазалау жұмыстарына, тамшылатып суару әдісін молынан енгізу мен жаңа технологияларды игеруге басымдық берілетінін жеткізді. Былтырдың өзінде Ордабасыда тамшылатып суару әдісі 760 гек­тар жерге енгізіліп, жалпы аумағы 1787 гектар болған. Бұл тех­нологияның тиімділігі – ағын су 2 есеге дейін үнемделіп, дақыл­дарға қажетті минералды тыңайтқыштар агротехникалық талаптарға сай шығынсыз беріледі, егілген дақылдан алынатын өнім көлемі 1,5 есеге дейін артады. Егістік жерлерді тиімді пайдалану бағытында да ілгерілеушілік бар.

Мысалы, былтыр бір гектар бидайдан орта есеппен 22 центнер өнім алған шаруаның табысы 132 мың теңгені құраған. Бірақ осы бір гектарға шамамен 63 мың теңге шығын жұмсалғанын ескерсек (жер айдау, тұқым, тыңайтқыш сатып алу, өнім жинау), таза пайда 69 мың теңгеден аспаған. Есесіне бір гектар көкөністен 500 центнердей өнім алуға болады. Түсетін ақшасы орта есеппен 2,5 млн теңге, ал шығыны 1 миллион теңге десек, шаруаның табатын таза пайдасы да қомақты болатыны анық.

Ордабасы – ауыл шаруашы­лы­ғымен қатар, өнеркәсіп саласы да жақсы дамыған аудан. Өңір экономикасының дам­уына сүбелі үлесін қосып келе жатқан 35 кәсіпорын былтыр 19 млрд 251 млн теңгенiң өнімін өндірді. Айта кетерлігі, ауданда өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым. Яғни өнеркәсіп саласындағы өнімнің 89,9 пайызы шикізат емес, дайын тауар ретінде шығарылған. Аудандағы индустрияландыру картасы аясында іске асырылған жобалар бәсекеге қабілеттілігі және өміршеңдігімен ерекшеленеді. Яғни нарықтың талабына жа­уап бере алмай, тұралап қалған кәсіпорын жоқ. Бүгінге дейін ауданда индустрияландыру бағдар­­ламасы аясында жалпы инвес­ти­ция­лық құны 41 млрд 877 млн теңгеден асатын 20 жоба іске асып, 1563 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл бағытта биыл да іргелі істер қолға алынбақ. Индустрияландыру картасы аясында инвестициялық құны 96, 6 млрд теңгені құрап, 415 жаңа жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік беретін екі жобаның іске асырылуы күтілуде. Сондай-ақ индустрияландыру картасынан тыс 1 млрд 650 млн теңгеге бағаланатын 2 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл ауқымды бизнес бастамалар тек ауданның емес, облыстың экономикалық дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Ордабасы ауданындағы жал­пы аумағы 102 гектар болатын индустриялық аймақ та нәти­же­лілігімен танылуда. Қазіргі таңда мұнда инвестициялық құны 15,3 млрд теңгеге тең келетін 3 жоба жүзеге асып, нәтижесінде 184 жа­ңа жұмыс орны ашылған. Бұдан бөлек, құны 4 млрд теңгеден астам 3 инвестициялық жоба өңірлік үйлес­тіру кеңесімен мақұлданған. Жал­пы ауданда өңiрлiк өнiм 79,2 млрд теңге болып, алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 11,7 млрд теңгеге артқан. Ал негізгі капи­тал­ға тартылған инвестиция 19 217 300 мың теңгені құрап, 126%-ға орындалған. Оның ішінде қаржы­лан­дыру көздері бойынша негізгі капи­талға салынған жеке инвес­ти­циялар 10 млрд 957 млн теңге немесе жалпы инвестиция көле­мін­дегі үлесі 57% болып отыр.

Қорыта айтсақ, ауданның өзін өзі қамтамасыз ету мүмкіндігі бар.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Бензин бағасы арзандады

Экономика • Кеше

14 отбасыға қол ұшын созды

Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар