Аймақтар • 18 Ақпан, 2020

Алматыда студенттер арасында республикалық жас ақындар айтысы өтті

923 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Төл өнерімізді жаңғырту, айтыс өнерін кеңінен насихаттау, жас ақындардың суырып салмалық қабілеттерін  шыңдауды мақсат еткен дүбірлі дода Хәкім Абайдың 175 жылдығы мерейтойына арналды.

Алматыда студенттер арасында республикалық жас ақындар айтысы өтті

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен биыл төртінші рет өткізіліп отырған «Менің пірім- Сүйінбай» республикалық жас ақындар айтысына еліміздің барлық өңірінен 60 астам ақын бағын сынап келді. 60 ақынның сөзін таразылап, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы финалдық бәйгеге аузымен құс тістеген 18 ақынды іріктеп шығарды. Ол қазақ өнерінің асыл шыңына айналған айтысқа мемлекет тарапынан қашанда қолдау бар екенін айтады. Алматы «рухани жаңғыру» офисінің мәліметі бойынша, өткен жылы жас ақындардың өнерін шыңдау мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универсиетінде «Оразалы Досбосынов» атындағы жас айтыскер ақындардың орталығы ашылған. Бүгінде осы орталық біраз игі істерге ұйытқы болып келеді екен. Соның бірі биылғы 4-рет өткізіліп отырған аламан дода. Биылғы айтыстың тақырыбы - салмақты әрі ауқымы кең. Қазақтың бас ақыны - Абайға арналды. Екі жұп айтыста бір жағынан Сүйінбайдың дәстүрін айтса, екіншіден Абайдың ғұламалық ойларын жырлады.

Айтыс қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан келген Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Аян Ниязбек бас жүлдені қанжығасына байлап, 350 мың теңге сыйақы алды. Енді ол 18 наурыз күні Қызылжарда өтетін республикалық ақындар айтысына қатысады.  

                                                                            

АЛМАТЫ