12 Тамыз, 2013

Шарайна

244 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Заңнамаға сәйкестігін анықтауды сұрады

Астрахань облыстық думасының депутаты Олег Шеин Мәскеу прокуратурасының басшысы Сергей Куденеевтен Мәскеу қаласы мэрінің міндетін уақытша атқарушы Сергей Собянин отбасының Ақ үй жанындағы пәтерді жекешелендіруінің заңдылығын сұрады.

 

Заңнамаға сәйкестігін анықтауды сұрады

Астрахань облыстық думасының депутаты Олег Шеин Мәскеу прокуратурасының басшысы Сергей Куденеевтен Мәскеу қаласы мэрінің міндетін уақытша атқарушы Сергей Собянин отбасының Ақ үй жанындағы пәтерді жекешелендіруінің заңдылығын сұрады.

Депутаттың қадағалаушы органға жолдаған хатында кезінде талас тудырған тұрғын үй алаңы қандай негізге сүйеніп берілгендігін анықтау көрсетілген. Шеиннің атап көрсетуінше, егер пәтер оған қызметтік тұрғын жай ретінде берілген болса, Собяниннің де, оның қызының да пәтерді жекешелендіруге құқығы жоқ. Бұған федеральды заңнамаларда тыйым салынған. Собяниннің қызының Мәскеудің орталығында аумағы 300 шаршы метрден асатын пәтері бар екендігі және оның жекешелендірілгені жөніндегі ақпаратты қала мэріне кандидат Алексей Навальный өзінің блогына орналастырған екен. Оның айтуынша, пәтердің нарықтағы құны 5 миллион долларға жуықтайды.

 

Израиль үкіметі басшысына операция жасалды

Өткен жексенбіде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетанияхуге кіндіктегі жарықты алып тастауға байланысты операция жасалды. Жергілікті БАҚ-тардың жазуына қарағанда, операция сәтті өткен.

Алпыс үш жастағы Нетанияхуге шұғыл операция Иерусалимдегі клиникалардың бірінде жасалған. Премьер-министрге операция наркоз арқылы немесе наркозсыз жүзеге асырылғандығы нақты көрсетілмеген. Жексенбі күні Б.Нетанияху тұтқындағы палестиналық топтарды босатуға байланысты үкімет отырысына қатысуы тиіс еді. Үкімет аппаратының хабарлауынша, отырыс кейінге қалдырылды. Бұл тұтқындарды босату жөніндегі келіссөздерге кері әсер етпейді.

 

Президент пен премьер-министр сөз қағыстырып қалды

Грузия президенті Михаил Саакашвили мен осы елдің премьер-министрі Бидзина Иванишвили Батумиге кел­ген америкалық «Балкли» әскери кораблінің бор­тындағы ресми қабылдау кезінде сөзге келісіп қалды.

«Интерфакс» агенттігінің ақпараттары бойынша, 11 тамыз күні кешкісін болған қабылдау кезінде Иванишвили 2008 жылғы Оңтүстік Осетиядағы әскери жанжалға Грузияның бұрынғы билігі жауап береді, деп мәлімдесе керек. Оның артынша сөз алған Саакашвили бұған келіспейтіндігін білдіріпті. «Мен бұл соғысқа грузин тарапы жауапты деген кез келген пікірге үзілді-кесілді қарсымын. Мұндай пікірді Грузияны жақсы көрмейтіндер немесе Грузияның жауларымен байланысы барлар айтады», депті.

 

Сексен адам құрбан болды

Ирактың бірнеше қалаларында жасалған террорлық әрекеттерді «Аль Каида» мүшелерінен құралған «Ирак ислам мемлекеті» ұйымы мойындарына алды. Бұл жөнінде «Франс-пресс» агенттігі хабарлады.

Исламдық сайттардың бірінде содырлар орналастырған мәлімдемеге қарағанда, Ирактағы террорлық әрекеттер «арнайы қызметтің операцияларына жауап» ретінде жасалынғандығы айтылған. Елдің Бағдад және басқа қалаларында 10 тамызда 12 рет жарылыс жасалған. Жарылыстар Ораза айттың соңғы күні жүзеге асырылған. Соның салдарынан 80-ге жуық адам қаза тауып, 150-ден астам адам жараланған.

 

Жаңа АЭС салу келісіміне қол қоймақ

Иранның сыртқы істер министрі Али Акбар Салехи журналистерге Теһеран мен Мәскеу жақын арада Иранда жаңа атом электр стансасын салу туралы келісімге қол қоятынын хабарлады.

«Новости» агенттігінің ақпараттары бойынша, министр тараптар өткізген консультациялардың қорытындысында, олар аталған мәселе жөнінде өзара түсіністік туралы келісімге қол қою қажет деген шешімге келген. Келісімге қол қою мерзіміне қатысты нақты ақпарат жоқ. Иран министрінің бұл мәлімдемесіне Ресей тарапынан қазірге түсінік берілмеді. Бұдан біраз уақыт бұрын Иранның жаңадан сайланған президенті Хасан Рухани Теһеран Ресеймен ынтымақтастық барысында жаңа атом электр стансасы құрылысын салуды жалғастыратынын мәлімдеген болатын.

 

Премьер бір күн таксист болып жұмыс істеді

Норвегияның премьер-министрі Йенс Столтенберг маусым айында Осло қаласында бір күн құпия түрде такси жүргізушісі болып жұмыс істепті. Ондағы мақсаты – өз сайлаушыларымен еркін жағдайда әңгімелесіп, көпшіліктің пікірін білу болса керек.

Премьер-министр «жұ мыс» кезінде таксистің киімін киіп, көзіне қара көзілдірік тағып алған екен. Жолаушылар оны таныған жағдайда ғана ол аты-жөнін, лауазымын айтқан көрінеді. Столтенбергтің айтуынша, сегіз жылда алғаш рет автомобиль рөліне отырғаны осы болыпты. «Мен Ослоның көшелерін жақсы білемін. Таксиді жүргізу онша қиындық тудырмады», депті саясаткер. Оның автомобильді басқару кезіндегі қимыл-қозғалысы жасырын камераға түсіріліпті. Енді ол осы жылдың қыркүйегінде өтетін парламенттік сайлау науқанында көрсетілетін сияқты.

 

Қысқа қайырып айтқанда:

Өзбекстанда жұмыс істейтін Қырғызстан дипломаты Қанат­­­бек Шар­­шенбекті онымен көп қабатты үйде бірге тұратын көрші­лері мас­кү­­немдікке салынады және өрескел сөздер айтып, балағат­тай­ды деп айыптады.

Рокатенд жанартауының «мінез» көрсетуіне байланысты Индонезияның Палуэ аралынан 2,5 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жанартау сенбі күні «ояна» бастаған.

Афинаның солтүстік-шығысында заңсыз мигранттар тұрып жатқан лагерьде жанжал шықты. Лагердегілер ондағы бұйымдарды өртеген, сондай-ақ, күзетшілерге шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан 10-нан астам күзетші зардап шекті.

Үндістандықтар өз күштерімен тұрғызған «Арихант» атты алғашқы атом сүңгуір қайығы ашық теңізде сынақтың соңғы кезеңінен өтуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл ел болашақта бес атом сүңгуір қайығын жасауды жоспарлап отыр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.