28 ақпан күні бокстан Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасына жолдама беретін Азия және Тынық Мұхит аймағы іріктеу турниріне аттанады. Амман шаршы алаңында лицензия үшін 52 килода әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов, 57 килода бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы Серік Теміржанов бақ сынайды. 63 кило салмақта Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зәкір Сафиуллинге сенім артылған.
«Қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 килода әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов жұдырықтасады. 75 килода бапкер таңдауы әлем чемпионатының және Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлға, 81 килода 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовке түскен. Ал 91 килода Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит пен аса ауыр салмақта құрама капитаны, әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жолдамаға таласады.
«2020 жылғы Токио Олимпиадасының жолдамасына таласатын жігіттердің барлығы өз салмағында мықты саналады. Барлығы да тәжірибелі боксшылар. Әрқайсысы өзін жақсы жағынан көрсете алады», деді бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев.
Турнирде боксшыларға 63 жолдама беріледі. Мысалы, 52, 57 және 60 кило салмақтағы боксшыларға 6 жолдама, яғни жартылай финалға шыққан 4 және ширек финалда жеңіске жеткен екі мықты боксшы жолдамаға ие болады. Ал 69, 75 және 81 кило салмақтағы боксшыларға 5 жолдама беріледі. 91 және 91 килодан жоғары салмақтағы боксшыларға 4 жолдама қарастырылған. Яғни жартылай финалға шыққан төрт боксшы Токиоға барады. Қалған жолдамалар қыздар боксына тиесілі.
Айта кетелік, Токио Олимпиадасына іріктеу турнирі 3-11 наурыз аралығында Иорданияның Амман қаласында өтеді.