12 Тамыз, 2013

Халық партияның қабылдау бөлмелеріне сенім артады

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов журналистермен брифинг өткізді.

 

Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов журналистермен брифинг өткізді.

– Бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері қоғамымыздың айнымас атрибуттарының біріне айналды. Ол азаматтардың көкейкесті мәселелерінің шешілуіне атсалысады, – деді ол.

Қазақстан азаматтары көптеген мәселелер бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерін соңғы инстанцияға балап баратыны анық. Өйткені, халық тек қоғамдық қабылдауларда ғана өздеріне қажетті көмекті алып, қолдау көретіндеріне сенімді. Сондықтан да партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде аймақтардың бірінші басшылары ғана емес, мемлекеттік органдардың бас­шылары да қабылдаулар жүргізеді.

Бри­фингте бірнеше министр­лік­тер мен ведомстволар басшыларының қабылдау жүргізу жайы туралы ақпарат берілді. Соның ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенованың қабылдау жүргізгеніне тоқталды. Оған Астана қаласы ғана емес, Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан да тұрғындар келген. Сондықтан Астанаға сабылмас бұрын адамдар жергілікті атқарушы органдарға өтініш-тілектерін айтулары қажет. Мәселен, мүгедектердің арбасына қол жеткізу жергілікті жерлерде-ақ шешілетін көрінеді. Дегенмен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне айтылған өтініштер қаралу және орындалуы үшін бақылауға алыныпты.

Жұмажан Жүкенов, сондай-ақ, шілде айында болған қабылдауларға да тоқталды. Өткен айда Бас прокуратура, Әділет, Қаржы, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар министрліктерінің және Ұлттық ғарыш агенттігі мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басшылары 44 адамды қабылдапты. Оларға еліміздің он аймағынан тұрғындар келген екен. Ж.Жүкенов шешілген мәселелерге қатысты мысал ретінде Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тұрғыны М.Тұтқышеваның баласына Астанадағы «Ана мен бала» сауықтыру орталығына емделу бойынша квота берілгенін келтірді.

Жасалған сараптарға қарағанда, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы халыққа өте пайдалы және тиімді екендігі көрініп тұр. Көптеген жылдар бойы қордаланған проб­лемаларын шеше алмаған талай адамдар осында келіп, өздерінің мәселесін шешуге қол жеткізеді. Сондықтан қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтардың әртүрлі мәселелерін шешу мен нақты көмек көрсетудің маңызды тетігі болып табылады.

Жалпы, үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2 мыңнан астам адам келіп, өздерінің арыз-шағымдарын айтқан. Соның 17 пайызы лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеті, 13 пайызы сот шешімдерімен келіспеу, 10 пайызы баспанамен қамтамасыз етуге байланысты мәселелер екен. Қоғамдық қабылдауларды лауазымды тұлғалар ғана емес, барлық деңгейдегі депутаттар да жүргізеді. Мысалы, осы жылдың алғашқы жартысында халық қалаулылары 336 рет қабылдау жүргізіп, 1060 адамды қабылдапты. Сондай-ақ, партия филиалдарының қоғамдық бөлмелерінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен бірлесіп, азаматтардың мәселелерін шешу мақсатында алыс елді мекендерге шығып, 129 көшпелі қабылдау өткізген. Оған барлығы 1911 адам қатысқан. Ал көшпелі қабылдау кезінде 408 өтініш қаралып, оның 295-і оң шешімін тапқан.

Брифингте 14 тамызда – Өңірлік даму министрлігі, 21 тамызда – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, 28 тамызда – Білім және ғылым министрлігі қоғамдық қабылдау өткізетіндігі айтылды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар