Саясат • 19 Ақпан, 2020

Салық заңнамасын жиі бұзатын салалар

452 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Жоғарғы сот және Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы ұйымдастырған салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелеріне арналған конференция ұйымдастырылды.

Салық заңнамасын жиі бұзатын салалар

Онда цифрландыруға байланысты каме­ралдық бақылау кезінде Қазақ­стан Республикасының салық заң­на­ма­сының нормаларын қолданудың өзекті мәселелері, тауарларды шығар­ған­нан кейін кедендік бақылау жүргі­зудің тәртібі мен ерекшеліктері, сонымен қа­тар салық төлеушілерді толған­дырған түйткілді мәселелер талқы­ланды.

Кіріс комитетінің Қашық­тық­­тан жүргізілетін мониторинг басқар­масының басшысы Ә.Сүлей­менов атап өткендей, ағымдағы жылдың басында камералдық бақылау жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілген болатын. Онда Қаржы министрінің бұй­рығымен бекітілген ескертпелерді орындау үшін 5 күн белгіленген. Бұрынғы Кодексте нақты мерзімі көрсетілмеген болатын. Ендігі кезекте кәсіпкерлер банктегі есеп­шотына тыйым салынбастан бұрын құқық бұзушылықтарды жою мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар осы бес күн ішінде ескерт­пелерді және төленбеген салық­тарды өтеу мер­зіміне қатысты сотқа шағымдана алады. Салық төлеушінің өтініші қарастырылған мерзімде есепшоттары жабылмайды әрі салықтық тексерулер де жүргізілмейді. Қазіргі кезде камералдық бақылау бойын­ша ескертулерге байланысты тү­сін­беушіліктер орын алмас үшін арнайы комииссия құрылған. Сонымен қатар Ә.Сүлейменов салық заңнамасын көп бұзатындар қатарында сауда және құрылыс саласындағы құқық бұзу­шы­лықты сараптай келе, салық тө­леушілерге жасалған ескерту­лердің 86 мыңы, яғни 31 пайызын сау­да саласы құрайтынын, ал 43 мың, яғни 16 пайыз ескертудің құрылыс компанияларына тиесілі екенін атап өтті. Ә.Сүлейменовтің айтуынша, бизнес саласына жарияланған үш жылғы мораторий кезінде салықтық әкімшілікті қашықтықтан жүргізуде камералдық бақылау жүйелері тиімділігін көрсетіп отыр. Камералдық бақы­лауды пайдалану  фискалды чек­ті онлайн режімде беру, ЕАЭО аймағындағы экспорт, элек­тронды есеп құжаттарын беру, т.б. ақпараттар айналымын ба­қылауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде 2017 жылмен са­лыстырғанда 2019 жылы үш есе,  2018 жылы бес есе көп мөлшерде  салықтық құқық бұзу деректері анықталған. Қаржы министрлігінің мәліметтері бойын­ша, алдағы үш жылда салық және кедендік, салықтық әкім­шілендіру аясындағы цифрландыру барысында салықтық тексерулер 9 пайызға қысқарып, бюджет кірістері 20 пайызға артқан. Нәтижесінде өткен жылы бюджетке түскен салым мөлшері 189 млрд тең­гені құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2019-2021 жылдарда 1,9 трлн теңгені құрай­тын болады.

Конференцияда камералдық бақы­лау нәтижелеріне шағым­дану­дың кейбір мәселелеріне тоқталған Жоғар­ғы соттың маман­дан­дырылған сот алқасының судьясы Г.Әлмағамбетова даулы ескертпелерді қарастыру мәсе­лелерін қозғады. Қазіргі кезде Жоға­ры сотта Салық кодексінің жеке­ле­ген ережелерін дұрыс түсініп, талқы­лаудың тәжірибеде жүзеге асуына байланысты сот акті­лері қабылданған. Ал салық тө­леу­шілердің талаптары азамат­тық өндіріс тәртібі негізінде қара­лады.

Конференция барысында со­нымен қатар сала мамандары камералдық бақылаудың тиімді­лігін арттыру, кеден заңнамасы мен кедендік даулардағы сот тәжі­рибесі, кедендік құнды бақылау, кедендік әкелу баждарының став­каларын декларациялау мен қол­дану, тағы да басқа даулы мәсе­ле­лерді шешу жолдарын талқы­лады.