Қоғам • 19 Ақпан, 2020

Уханьнан эвакуацияланғаны үшін рахмет айтты

351 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта ел ішінде «коронавирус» деген індетінің атауы кеңінен тарады. Кейбірі алаңдап, кейбір елдер амалдап әрекет етуде. Үміт пен үрейдің, күдік пен күмәннің арпалысып жатқан сәті деуге болады. Адамдар жөтелгенге шошып, түшкіргенге үркіп қарайтын болды. Дегенмен «Құдайдың бұйрығынсыз қурай да сынбайтынын» ескерсек, әлем жұртын әуреге салған әлгі індеттің ажалсыз адамды айналып өтетіні айқын. Құдай құтқарар деп құр жатуға да болмас. Сақтық шараларына салғырт қарамай, медицина мамандарының пікіріне мейлінше құлақ түрген абзал. Уханьнан шыққан вирусқа толымсыз деректермен тон пішкендер де баршылық. Ал көзбен көріп келгендер не дейді?!

Уханьнан эвакуацияланғаны үшін рахмет айтты

 

Инфекциялық аурулардың жетекші маманы, профессор Динагүл Баешеваның айтуынша, короновирус Қазақстанда тіркелген жоқ. Дегенмен әлемде қауіпті жағдай әлі сақталып отыр.

«Қытайда қазір 70 мыңнан астам адам осы ауруға шалдыққан. Бірақ медициналық шаралардың нәтижесінде ауырған адамдар саны азаюда. Бұл әрине қуантатын жағдай. Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індетке қарсы қандай шаралар жасау керек екенін де ескертіп жатыр. Короновирусқа қарсы қолданылатын вакцина дәл қазір жоқ. Бірақ вакцинаның негізі қандай болу керек екені табылып, генеологиялық және генетикалық құрылымы зерттелуде. Қытайлықтар осы ауруға қарсы дәрі ойлап тапты деген жақсы жаңалық естідік, жақын арада жағдай дұрысталады деп үміттенеміз. Қытайдан оралған қазақс­тан­дықтар Нұр-Сұлтан қаласындағы көп са­лалы ауруханада толық тексеруден өтті. Карантин кезеңі аяқталғаннан кейін ауру­ханадан шығарылды. Олардан корона­ви­рустық инфекция белгілері табылмады. Сонымен қатар Жапония жағалауында тұр­ған круиздік лайнердегі Қазақстан аза­мат­тарының денсаулығы жақсы. Дене қызуы­ның көтерілуі, мазасыздық, аурудың басқа да белгілері әзірге байқалған жоқ. Ден­саулық сақтау министрлігі күн сайын мәлі­мет алып отыр. Оқшаулау мерзімі бірер күнде аяқталады, сараптама алынады. Содан кейін ғана оларды елге қайтару мәселесі бел­гі­лі болады», деді ол.

Қытайдан оралған қазақстандықтар Нұр-Сұлтан қаласындағы көп салалы ауру­ха­нада толық тексеруден өтіп, каран­тин кезеңі аяқталғаннан кейін аурухана­дан шығарылғаны белгілі. Олардан коро­навирустық инфекция белгілері табылмады. Ухань қаласынан оралған студенттердің айтуынша, супермаркеттер мен азық-түлік бөлімдерінде түсірілген, елді дүрліктіріп әлеуметтік желіде кең тараған видеолар Қытай жаңа жылын тойлау сәтінде болған.

«Интернетте шығып жатқан видеолардың барлығы ескі және осы оқиғаға еш қатысы жоқ ақпарат. Біз гигиенаны қатаң ұстандық. Далада маскамен жүрсек, үйге кірісімен бірден қолымызды жуып, дезинфекция жасадық. Өзіме келсем, алғашында түсін­бедім, «қалай вирус келді?» деп. Универ­ситетт­ен, Үкіметтен арнайы хабарлама келген кезде ғана білдім», дейді студент Дәурен Ури­шанов.

Ал Хубэй провинциясының Ухань қаласында доктарантураның 2-курсында білім алып жатқан студент Гүлбақыт Болатбекқызы Қытай жаңа жылының алдында, 22 қаңтар күні «Ухань қаласын карантинге жабамыз» деген хабарлама келіп түскенін айтады.

«Біз Ухань қаласында 2 жылдан аса тұрып жатқандықтан жағдайды жақсы білеміз. Қытай жаңа жылының алдында азық-түлікті толтырып алып қою қажет екенін білдік. Себебі қытайлықтар үнемі артығымен алып қояды және супермаркеттер таңғы 9:00-ден 16:00-ге дейін ғана қызмет көрсетеді. Яғни мерекеге байланыс­ты жарты күн ғана жұмыс істейді. Сөйтіп бізге 22 қаңтар күні «қала жабылды» деп хабарлады. Барлық транспорттық жолдар жабылды. Әуежай мен вокзалдар жұмыс істемеді. Төтенше жағдай жарияланды. Бізде азық-түлік, ауыз су жеткілікті болды. Және маскалар таратып берді. Егер тамағымыз, азық-түлік қорымыз таусылса, кесте бо­йынша екі студенттен кезектесіп, дүкенге барып алып келіп жүрдік», деді Гүлбақыт Болатбекқызы.

Естеріңізге сала кетсек, Қытайдың Ухань қаласынан 2 ақпанда эвакуа­ция­ланған қазақстандықтар 16 ақпан күні карантиннен шығарылғанын хабар­лағанбыз. Студенттердің бәрі дін аман, вирус жұқтырмаған. Олар жатқан көп салалы медициналық орталықтың директоры Мұхтар Төлеутаевтың айтуынша, 89 адамның 83-і қазақстандық, 5 Беларусь азаматы және біреуі Армения азаматы болған. Бірнеше адамда жедел респираторлық вирустық инфекция болған, олар емделген. Карантиннен шығарылған студенттер Алматы, Ақтөбе, Ақтау және Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының тұр­ғын­дары. Олар 14 күн Нұр-Сұлтаннан
7 шақырым жердегі медициналық орталық­тың арнайы бөлінген инфекцияға қарсы корпусында тексеріліп, емделіп шықты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше ҚХР-мен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда.

Мәселен, 2020 жылғы 6 қаңтардан 18 ақпанға дейін елімізге 31 476 адам келген. 6 қаңтар – 18 ақпан аралығында Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитарлық-каран­тин­дік пункттерінің мамандары халық­аралық әуежайларда және темір жол вокзалдарында Қытаймен шекаралас мемлекеттер арқылы өткізу пункттерінде 31 476 адамды қарап-тексерген.

«Мониторингке барлығы 24 416 келгендер алынды, 23 757 қамтылды, мониторингтен 22842 шығарылды, соңғы 14 күнде келген 1574 адам медициналық бақылауда қалды және ауруханаға жатқызылғандар – 308 адам. Бүгінге дейін ЖРВИ белгілерімен 160 адам көпшіліктен оқшауланып, емдеуге жатқызылды, олардың 153-і шыға­рыл­ды, стационарларда медициналық бақылауда 7 адам қалды. Үш авиарейспен Ухань қаласынан және Бейжің қаласынан Қазақстан Рес­публикасының барлық азаматтары шыға­рылды. Барлық COVID-19 зерттеу нәти­же­лері теріс», делінген министрліктің мәлі­ме­тінде.