Тіршілікте үзеңгілес, жан жолдасым деп, жаныңа балайтын, сыйлас, қимас, қиыспас серіктесіңнің дүние салғанын естігенде есіңнен жаңылып, желдің өтінде, жолдың шетінде, жападан-жалғыз қалғандай, жан-дүниең құлазып, бәрінен баз кешесің. Амал қайсы, қолдан келер қайран жоқ, қайраңда қалған балықтай шоршып, жарқылдаған алмастай, маңдайы жарқыраған марқасқаны қойны суық қара жерге қимай, қу жүрегім тулап-тулап, тыншыдым.
...Екеуміз жерлес болғандықтан бір-бірімізді көптен жақын білетін едік. Қызмет бабымен Парламентке жиі келіп, депутаттармен ұдайы кездесіп тұрамын. Әртүрлі өзекті мәселелерді талқыға саламыз. Бәріміздің де мүддеміз – елдің, мемлекеттің нығаюы. Сол үшін айтысамыз да, әрқайсымыз өз тұрғымыздан әр нәрсені дәлелдейміз. Жасыратын несі бар, біреу біліп айтады, біреу бұрып айтады, жасап жатқан тірліктерің туралы көптің көзін жеткізіп, мүлтіксіз баяндауға тиіссің. Не керек, өз ісіңнің дұрыс екенін біле тұрсаң да, депутаттардың қолдауына ие болуың қажет. Осындай сындарлы кезеңде депутаттардың арасынан парасатты, көпке сыйлы, аузы дуалы, сөзіне ел тоқтайтын беделді азаматтар қолдау көрсетіп, жаныңа жалау болатыны бар. Сондайда Әшекең дараланып тұрады. Әрдайым менің алдымнан шығып, мәселемнің дұрыс шешімін табуына көмегін аямайтын. Ол Мәжілісте комитет төрағасы. Көптеген әріптестерінен шоқтығы биік тұратын. Келбетіне, болмысына ақылы сай, айтар сөзін қылышпен кескендей, алмаспен қиғандай, күлбілтелемей, ашық айтатын. Нендей қиын мәселенің түйінін тап баса білетін қасиеті ерекше еді.
Көп сөйлеп, кісіні мезі етпейтін. Сабырлы, байыпты. Көкейіндегісін тобықтай түйіп, бір-ақ айтатын. Әшекеңнің осы қасиетін таныған сайын, арамызда қалыптасқан сыйластық ширай берді. Мен қызмет бабымен Астанаға Экономика министрі болып келгенімде байланысымыз одан сайын нығая түсті. Жиі кездесіп, сырласып тұру әдетімізге айналды. Жүрген ортамыз, араласатын азаматтарымыз да ортақ болды.
Заман-ай десеңші, көп отырыстарымыздың төрін толтырып, таудай болып Өмірбек Жолдасбеков, Қаратай Тұрысов секілді халқымыздың біртуар азаматтары отыратын. Әр бас қосу сәнді де, мәнді, мазмұны терең әңгімелерге толы тарихи кездесулер болушы еді десем, қателеспеспін.
Әшімжан Ахметов Білім және ғылым вице-министрі болып абыройлы қызмет атқарып жүрді. Күндердің күнінде өз өтінішімен Ақтаудың Ш.Есенов атындағы мемлекеттік университетіне ректор болып тағайындалды. Шамалы уақыттан соң мен Білім және ғылым министрлігіне басшы болып келдім. Осы кезде Әшекеңнің іскерлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне, өте білікті химик-ғалым екеніне тағы да көзім жетті.
Ақтау менің көріп жүрген қалам. Әдетте, басшылық қызметте жүрген азаматтар облыстарды аралап, білім ордаларының қызметінен хабардар болады. Мен Ақтаудың университетінде Әшекеңе дейін де болғанмын. Білім және ғылым министрлігіне келген соң, Әшекеңнің атқарып жатқан қызметімен жақынырақ танысу үшін Ақтауға арнайы бардым. Университетке келген соң танымастай болып жаңарған оқу ғимараттарын көріп, Әшекеңнің іскерлігіне шын жүрегіммен риза болдым. Лабораториялық жабдықтар мен университеттің ауласына әкеліп орналастырған мұнай және газ саласының озық қондырғылары көзді де көңілді де қуантады. Көрші мемлекеттерден арнайы шақырумен келіп жұмыс істеп жатқан профессорларды көріп, «бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген сөздің ақиқаттығына көзім жетті.
Білікті басшының назарына ілікпей қалған ештеңе жоқ. Университеттің бас ғимаратының айналасын көгерішпен көмкеріп, Каспий теңізіне дейін баспалдақ жол салғанын айтсаңшы! Әңгіме үстінде оның ойында әлі де атқарылатын үлкен жобалардың бар екенін сезіп, бұл бір Ақтау университетінің жарқын жолға түскен кезі екенін түсіндім. Осы жетістіктердің бәрінің Әшекеңнің іскерлігінің, кісілігінің, мемлекетшілдігінің арқасында болып жатқанын сездім. Облыстан жолдасымның атқарып жатқан шаруаларына, биік беделіне риза болып Астанаға оралдым.
Одан кейін Әшекең Шығыс Қазақстан облысындағы С.Аманжолов атындағы университетке ректорлық қызметке тағайындалды. Сол тұста мен Мемлекеттік басқару академиясында ректор болып қызмет атқарып жүрдім. 2006 жылдың көктемінде мені Елбасы шақырып, мемлекеттік ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясы басшысының бірінші орынбасары қызметін тапсырып, орныма кімді ректор етіп қалдырған жөн болатынын сұрады. Мен көп ойланбастан Әшімжан Ахметовті ұсындым және ол ұсынысымды Әшекеңмен келіспестен, алдын ала жасадым. Себебі, мен үшін де Елбасының ұсынысы тосын болып еді.
Басқару академиясына Әшімжан Ахметовті ұсынуыма бірнеше жағдай себеп болды.
Біріншіден, Әшекең мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жұмыс атқарып, абыройға ие болған азамат. Екіншіден, ол еліміздің іргелі, үлкен жоғары білім ордаларында ректор қызметін атқарып, өзін білікті маман, алғыр ғалым, білім саласының беделді ұйымдастырушысы екенін көрсете білген және бар қызметте өзінің тазалығымен, мемлекетшілдігімен көзге түскен азамат. Менің Әшекең туралы пікірім Елбасының көңілінен шығып,ұсынысым өтті. Көп ұзамай, Әшімжан Ахметов мемлекеттік басқару академиясына ректор болып тағайындалды.
Бұл шыны керек, Академия тарихындағы қиын кез еді. Елбасының осы Академияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған шешімдеріне қарамастан, шенеуніктер тарапынан қарсылық көбейіп тұрған. Сондай қарсылықтың бірі – Академияны ескі Парламент үйіне көшіруге байланысты болатын. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені қанша ғимарат салынса да, сол кезде Астанада біраз министрліктерге орын жетпей жатқан уақыт. Осындай кезенде Әшекең табандылық танытып, бар беделін салып жүріп, бір түнде Академияны діттеген ғимаратына көшіріп үлгерді. Жаңа ғимаратқа келе сала, жөндеу жұмыстарын бастап, тез арада оқыту ісіне қажетті жағдай жасап, Академияның Қазақстан қоғамындағы үлес салмағының ауқымды екенін дәлелдей түсті.
2008 жылдан бастап ақырғы демі таусылған күнге дейін, 5 жылға жуық уақытын, Әшекең өзінің альмаматері Тараз мемлекеттік универсетінде ректор қызметінде болды. Бұл жерде де Әшекең өзінің өмір бойы жинақтаған тәжірибесі мен шыңдалған ұйымдастырушылық қабілетін, қоғамдағы беделін барынша аямай пайдаланып, университетті көркейту үшін асқан табандылықпен, зор ынта-жігермен еңбек етті. Аз ғана уақытта көп шара атқарып, университеттің ғимараттарын, оқу ұйымдастыру жұмыстарын да жоғары дәрежеге көтерді.
...Әшекең қайтыс болардан бірнеше күн бұрын Астанаға келіп, көкірегін сыздатып жүрген кейбір мәселелер туралы ақылдасу үшін маған хабарласты. Екеуміз «Пекин-Палас» қонақ үйінің мейрамханасында кездесіп, шер тарқата әңгімелесіп, асықпай отырып шай іштік. Болмысы ірі азамат бұрын-соңды ешқашан майда әңгіме айтпаушы еді, сол жолы іштегісін ақтарғысы келген екен. Соңғы кездесуіміз сол болған екен. Күні бүгінге дейін есімде. Үні құлағымда, сөздері жадымда. Әдетте, ондай азаматтар есте қалмайтын әңгіме айтпайтын еді ғой.
Әшекең мәңгі өмірге аттанды. Тіршілікте жасаған жақсы істері дүние жаңарған сайын жаңғыра түседі. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», Әшекеңнің алдын көрген шәкірттері оның атын да, тәлімін де, берген ілім-білімін де, білігін де айта-айта жүретін болады. Жақсы адам ұрпағымен мың жасайды. Ұлағатты ұстаз да солай. Демек, Әшімжан Ахметовтің жақсы аты жарқырай береді. «Бұл қазақта жігіттер бар марқасқа, жарқылдаған алмас па!» деген сөз осы Әшекеңе арнап айтылғандай, Ер Махамбет айтпақшы, «жігіттің сойы» еді Әшекең. Бір тәубе ететініміз – Әшекеңнің арты жақсы. «Сырттан тілеген тілек жалдың жалаңаш қылышын сындырады» дейді қазақ. Енді Дина жеңгеміз екі баласынан тараған ұрпақтарының ортасында үрім-бұтағымен, өркен жайған өрен-жаранымен баянды да, бақытты, ырыс-берекелі ұзақ өмір сүрсін деп тілеймін.
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, профессор