Руханият • 19 Ақпан, 2020

Биік парасат иесі

431 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жыл сайын тәуелсіздік күнінің қарсаңында «Парасат» орденін лайықты адамдарға беріп жатқан кезде менің көз алдыма қазақтың айтулы азаматы Хамит Рақышевтің асыл бейнесі келеді. Өйткені бұл орден атауының өзі кісілік пен кішіліктің, парасат пен мейірімділіктің үлгісіндей ұлтына адал қызмет еткен адамдарға ғана лайықты сияқты. Оның үстіне жан дүниесі осы қасиетті атқа сай шартарапқа шуақ шашып жүретін атпал азаматтарға тиесілі сыбаға іспетті. Міне, сондайда биік парасат иесі ақиық ағамен қатар жүрген, ұстаздық тағылымын көрген алыс­та қалған асыл күндер ойға түседі.

Биік парасат иесі

Бізді алғаш таныстырған бабалар рухы еді. Жамбыл ауданы Самсы ауы­лын­­да Сәмен батырға ескерткіш орнату жөнінде жұртшылықтан ұсыныс түскен-ді. Әдеттегідей ақсарбас шалып, ұйым­дас­тыру комиссиясы құрылды. Хамит Қошанұлы ұйымдастыру комис­сия­сының төрағасы, мен орынбасары болып сайландым. Қызу жұмыс басталып кетті. Ең әуелі батырдың бейнесін ұрпақтары арқылы санамызға оралтып, онан кейін ескерткішін салу жұмысы қарқын алды. Міне, осы кезде Хамаңның білімділігіне, ақылдылығына, ұйымдастыру қабілетіне тәнті болдым. Не нәрсені кәнігі ұстадай ақыл-ой көрігіне салып, он ойланып, жүз толғанып барып оң шешетін Хамаңның кез келген ұсынысы көптің көңілінен шығып жатты.

Баһадүр ескерткішін салып жүргенде мы­нандай бір ғибратты оқиғаға куә бол­­дым. Ауылында ескерткіш орнатып жат­қаннан кейін тұрғындар да қалыс қал­майды ғой. Бір қағілез жігіт тыным тап­пай, құрылыс жұмысына қатты араласты. Бабалар рухына қызмет еткен ісі­міздің тегін жасалатынын білсе де, ол күнделікті ескерткіш басына келіп, өзі­нің қолғабысын тигізіп жүрді. Хамаң оны­мен жете танысты. Бұл бір жетім жі­гіт екен. Өзінің етінің тірілігімен күн кө­ріп жүрген, қазақтың қарапайым аза­маты-тұғын. Хамаң жігіттің үйіне ба­рып, оның ескі үйде тұратынын көріп, же­дел-ғабыл өсіп келе жатқан ба­лапан­да­рының келешегі үшін өз қар­жы­сынан сол ауылдан жақсы бір үй сатып алып берді. Бұл ағаның көп адамға жа­саған қайырымдылығының бір ғана кө­рі­нісі еді.

Сонымен, көптен күткен күн де ке­ліп, еңселі ескерткіш бой көтерді. Шара өт­кі­­зіліп, Сәмен батырға арналып ас бе­ріл­­ді.

Расында, Хамаң – өзінің сана­лы ғұ­мырында азаматтықтың ақ туын жо­ғ­ары ұстап, өмірбаянына кір жұқ­тыр­май кеткен мәрт тұлға. Кішкентай ғана Абай атты ауылдан өрбіген жас өрен­нің бойына біткен алтын қанаты, ол – еңбекқорлығы, адалдығы, айналасына деген алғаусыз сенімі мен құрметі еді. Әкесі Қошан ауыл­да қарапайым жұ­мыс­шы, малшы болса, анасы Мағрипа отба­сының ұйытқысы бола білген ардақты ана, үйдің алтын тірегіндей еді. «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» деп, Ерназар қария айтпақшы, сегіз баланың ішінде Хамит ерекшеленіп өсіпті. Кішкене кезінен ауылдың қоңыр тірлігіне еркін араласып, мал-жай, қора-қопсы, бау-бақша жұмыстарын қолды-аяққа тұрмай, тез-ақ жасап тастапты.

Ол кезде ауылда қайбір келісті үй, көркем ғимарат болды дейсіз. Сондықтан кішкене күнінен Хамаң құрылысшы болуды армандапты. Ақыры сол ниетін орындап, құрылыс техникумын тәмамдап, ауылдағы құрылыс саласының білгір маманына айналады. Абай ауылында сол кезде салынған талай тұрғын үйлерде Хамаңның өзіндік қолтаңбасы бар.

Өмір әрине, бір орнында тұрмайды. Ұлы Абай айтпақшы, «адамды заман билемек». Ынталы, көпшіл, талапшыл жасты байқаған басшылар оны Абай атындағы құс фабрикасына директордың орын­басары қызметіне ұсынады. Бүкіл Алматыны жұмыртқамен, құс етімен қам­та­масыз ететін үлкен де іргелі кә­сіп­о­рын­да еңбек ету Хамаңды одан әрі ысыл­ды­рып, өндірістің қыр-сырын те­рең мең­ге­руіне жол ашыпты.

Хамаңның ендігі өмірбаяны сауда саласымен тығыз байланысты. Мәскеу сауда институтын бітіргеннен кейін тың кәсіпке бет бұрды. Бұл саланың ерек­ше­лігі – халықтың сұранысын жедел әрі сапалы қамтамасыз ету болса, бұл жол­да да жасынан ерек өскен Хамаң ша­шасына шаң жұқтырмады. Ең әуелі кіш­кентай кеңшарлардың тұтынушылар одағын басқарды. Төменнен тәжірибе жи­нақтады, ауылдағы ағайындардың сау­даға деген сұранысын терең зерттей білді. Іле ауданында тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары ретінде көп тәжірибе жинақтады, алдындағы абзал ағаларының ақылымен сауда саласын өркендету машығын меңгерді. Сөйтіп өзі енді Жамбыл аудандық тұтынушылар қоғамының тізгінін ұстаған кезде, бір кезде ауылда атқарған істерін жалғастырып, мұнда да аудандағы осы саланы облыс көлемінде алдыңғы қатарға шығарды.

«Жақсыны көрмек үшін» деген. Аудан­да озат тәжірибе семинарлары ұйым­дастырылып, іс-нәтижелер орта­ға са­лынды, әріптестерінің ықы­ла­сы­на бөленді. Мұндай озық істер облыс бас­шы­ларының көзіне шалынбай қал­ған жоқ. Олар Хамаңның ұйым­дас­ты­ру­шылық қабілетін ерекше баға­лады, сенім артып, Жезқазған об­лыс­тық тұ­тынушылар қоғамының төра­ғасы қыз­метіне ұсынды. Бұл енді ауқым­ды жұмыстың басы ғана болды. Ол кезде кенді Жезқазғанның дүрілдеп тұр­ған кезі. Түсті металдарды игеруде Қазақстан ғана емес, бүкіл Мәскеу иек артқан Одақтың байлығын еселей түсе­тін өңір еді. Хамаң тағы да бойына сіңген қасиет бойынша ерте тұрып, кеш жатты, сауда саласын ырғақты жолға қоя білді. Жаңа қызметтің де орынтағы көрінді: Жезқазған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. Қыз­меттің оңайы жоқ, дегенмен «Қой асы­ғы демеңіз, қолға жақса, сақа ғой, Жасы кіші демеңіз, ақылы асса, аға ғой» демекші, еңбегін елеген шығар, Ха­маңды республикалық дәрежедегі қыз­метке шақырады, оны Қазақстан Республикасы Президенті аппараты мен Министрлер Кабинеті сауда бөлімінің басқарушысы етіп тағайындайды. Бұл қызметті ұршықша үйірген жас жі­гіт­ті ел Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев шақырып, жаңадан құ­рыл­ған Сауда, өнеркәсіп палатасының прези­ден­ті етіп тағайындайды. Өмірінің со­­ңындағы 14 жыл бойы басқарған па­­­латаның еліміздің өркендеуіне, эко­­но­­ми­камыздың нығаюына қосқан қос­қан үлесі ұшан теңіз. Амал не, тәуелсіздігіміздің берік болуына өзінің өлшеусіз еңбегімен үлес қосқан Хамит Қошанұлы небәрі 58 жасында елімен асығыс қоштасты. Соңында іргелі ісі мен ұлағатты ұрпағы қалды.

Ұрпағы демекші, кезінде Хамаң өзінің ұлы Кеңесті ертіп, атақты Алакөл көліне барып демалады әрі ем алады. Денсаулығына жағып, көлдің шипасы дарып, сақайып Алматыға оралады. Баласына «Қолдан келсе, осы Алакөлге бір жақсылық жасауымыз керек» деген өсиетті сөзін айтыпты. Кейіннен әкесі қайтыс болғаннан кейін Кеңес ат жалын тартып мініп, азамат болып, өзі кәсіпкерлікті дөңгелеткенде Алакөлге арнайы келіп, аудан орталығы Үшарал қаласының орталығына үлкен, зәулім мешіт салып береді. Ол мешіттің ашылуына Ескендір Хасанғалиев бастаған өнер иелері, Бауыржан Оспанов сияқты кәсіпкерлер, Ахмет Кендірбекұлы сияқты ақындар қатысып, Алла үйінің ашылу салтанатына ортақтасады. «Жақ­сы әкеден жаман ұл тумайды. Әке­нің бір ауыз аманат сөзін жерге қал­дырмай, Кеңес өзі ауданға келіп, жер алып, бар­лық қаржысын көтеріп, жамағат жина­ла­тын зәулім, сәулетті мешіт салып бер­ді», деп еске алады аудан әкімі Әлібек Жақан­баев.

«Орнында бар оңалар», ұрпақ сабақ­тас­тығы деген осы шығар. Рақы­шев­тар әулетіне біткен қадыр мен қасиет, кісілік пен парасаттылық ұрпақтан ұрпаққа жал­ғасын таба беретін шығар. Мен оған шек­сіз сенемін.

 

Ерболат ТҰРЫМБЕТОВ,

еңбек ардагері, Іле ауданының құрметті азаматы, Іле аудандық мәслихатының депутаты

 

Алматы облысы