Теннис • 19 Ақпан, 2020

Теннис: Елена Рыбакина Аустралияның ашық біріншілігінің жеңімпазын ұтты

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) астанасы – Дубайда өтіп жатқан жүлде қоры 2 908 770 АҚШ долларын құраған халықаралық турнир сенсациялық нәтижемен басталды.

Теннис: Елена Рыбакина Аустралияның ашық біріншілігінің жеңімпазын ұтты

Ең қуаныштысы, сол тосын нәтижені тіркеген өзіміздің жерлесіміз. Күні кеше қазақстандықтар арасынан алғашқы болып «ТОП-20» теннисшінің қатарына енген 20 жастағы Елена Рыбакина өзінің тұсаукесер кездесуінде Ресейде туып-өсіп кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған 21 жастағы София Кенинмен күш сынасты.

Биыл Аустралияның ашық біріншілігінде айды аспанға шығарып, бас жүлдені олжалаған әлемнің жетінші ракеткасына қарсы бәсекеге «бес қаруын асынып» шыққан Елена тамаша өнер көрсетіп, көздеген мақсатына қол жеткізді. Бұл тартыс 2:7, 6:3, 6:3 есебімен Рыбакинаның пайдасына шешілді.

Бәсеке аяқталған бетте БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында қазақстандық теннисші «Ойынның аса шиеленсті болатынын сездім. Сол себепті де кортқа белді бекем буып шықтым. Бірінші сетте жеңілсем де, өзімді іштей жігерлендірдім. Асықпай жүріп анық бастым. Ең бастысы, жүйем сыр берген жоқ. Ал нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар» деп ағынан жарылды.

Бүгін екінші кезеңнің ойындары басталды. Бұл бәсекеде Елена Рыбакина Чехия ойыншысы, WTA тізімінде 58 орында тұрған Катерина Синяковамен шеберлік байқасады.