Қоғам • 19 Ақпан, 2020

Қайырымдылық – қастерлі қасиет

94 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық кәсіпкерлер әлеуметтік салаға ерекше ден қойып отыр. Бизнес өкілдері демеушілік, қайырымдылық жасаудан кенде емес. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту арқылы олардың сан алуан мәселелерін шешуге де қолғабыс жасап жүрген кәсіпкерлер де баршылық.

Қайырымдылық – қастерлі қасиет

Солардың бірі Көкшетаудағы тамақ өнеркәсібі саласындағы серіктестік қолға алған есту-сөйлеу қабілеті нашар жандарға арналған игілікті жоба. Қуанышбек Алпамысовтың аспаз  болып істегеніне 8 жыл. Ол бұл мамандықты көкшетаулық кәсіпкердің қолға алған жобасы аясында меңгерді. Қазір дәмі тіл үйірер тамақтың түр-түрін әзірлейді.   

– Әрине, басында қиын болды. Әріптестермен жазу арқылы сөйлесетінбіз. Барлығы қолдау көрсетті. Түсіністікпен қарады. Қазір үйреніп кеттік. Бәріміз бірдейміз. Жүктеме де тең. Ұжым жақсы. Маған ұнайды. Жалақым да көңілімнен шығады, дейді аспазшы Қуанышбек Алпамысов.  

Жоба бойынша есту-сөйлеу қабілеті нашар жандар серіктестікте аспаздықтың қыр-сырын үйренеді. Кейін өздері қалап жатса, әлі қарай жұмыс істей береді.  Сондай-ақ, Көкшетаудағы колледжде тегін білім алу мүмкіндігі бар.

– Бұл жоба маған сенімділік берді. Қоғамда еркін бейімделуіме септігін тигізді. Қазір аспазшы емеспін. Дегенмен бұл жоба менің өмірімді өзгертті. Әрі қарай оқуға құлшыныс пайда болды. Өмірлік серігіммен де осы жоба аясында табыстық, дейді жобаға қатысушы Дмитрий Сальников.

Серіктестік жүзеге асырып отырған жоба бойынша осы уақытқа дейін 45 адам оқу курсынан өткен. Оның 12-сі осы ұжымда жұмыс істеуде. Қалғандары басқа қалаларда, өзге ұйымдарда еңбек етіп жүр. Ізгілікті жобаның авторы Елена Мащинская оқимын, үйренемін дегендердің бірде-бірінің бетін қайтарған емес.  

– Әлеуметтік кәсіпкерлік қайырымдылық емес. Бұл үлкен жауапкершілік. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа бар ынтаңмен алу қажет. Кейін олардың жетістіктерін, жүздеріндегі қуанышты, жұмыстың нәтижесін көру сөзбен айтып жеткізе алмайтын бақыт. Қорықпау керек. Себібі әлеуметтік кәсіпкерлік қазіргі қоғамға қажет, дейді жеке кәсіпкер Елена Мащинская.   

Бұл жобамен шетелдіктер де таныс. Бірнеше елдің аспазшылар қауымдастығы өздерінде осындай игі істі қолға алмақ ниетте. Ал Көкшетаудағы жоба жалғаса бермек.

 

Көкшетау қаласы