Аймақтар • 19 Ақпан, 2020

Шағын ауылдарды жойсақ, шекаралық аумақты қайтеміз?

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов әкімдіктің отырысын өткізіп, 2020 жылдың қаңтар айының қорытындыларын және алдағы жұмыстардың бағдарын анықтады.

Шағын ауылдарды жойсақ, шекаралық аумақты қайтеміз?

Ондағы мәселелердің бірінде облыстың инфрақұрылымын дамытудың 3 жылдық жоспары жасалатыны белгілі болды. Ауылдардың мәселесі бойынша айтқанда Құмар Ақсақалов: «Болашағы бар ауылдарды дамыту керек. Жоспар болуы тиіс. Кезек бойынша жолдар жөнделіп, су тартылуы қажет. Біз тұрғындары көп ауылдарға қаржы құямыз»,  - деді.

Хош... Біз қазір халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын мемлекет құрамыз деп отырмыз. Президент Қ.Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында осыны айтты. Алайда біздің жергілікті билік халықтың үнін естігісі келмейтін сияқты.

Біз жуырда ғана «Егеменге» мақала жазып, дұрысында ауыл үлкен болмайтынын, тұрғындары аз деп оларды құртатын болсақ, жеріміз жалаңаштанып қалатынын шамамыз келгенше дәлелдеп жазған болатынбыз. Қазір тіпті 30-50 үйлі ауылдар (мысал ретінде «Дайындық», «Ноғайбай» ауылдарын айтқанбыз) үлкен шаруаны дөңгелетіп, астық та, мал да өсіріп отырғанын айтқанбыз. «Болашағы жоқ» деген тұжырымның өзі үстірт жасалғанын, шағын ауылдарды құртпай, керісінше, оларға жол тарту қажеттілігін, қазақ ауылдары табиғи жолмен дамығанда ешқашан үлкен болмағанын жеткізген едік... Дамыған шет елдерде де ондай оң тәжірибе барын айтып, мысалға Малайзияны ауызға алғанбыз. Осы мақаланы көптеген адам қолдап, Фейсбукте өз пікірлерін қосты.

Ауылдық елді мекендерді далитып, тым үлкейтудің өзі кеңестік кеңкелестік саясаттың салдарынан болғанын да айтып, келімсектерді қаптатып төккен ондай ауылдар шынында да тиімсіз болып, қазір тарап жатқанын жаздық. «Табиғи жолмен дамуды ескерсек, ауыл ешқашан үлкен болмайды, шағын ауыл адамға да, шаруаға да ыңғайлы. Ал баласын аудан орталығынан немесе қаладан оқыту, ауруханаға жету, үлкен сауда орталықтарына бару, өз өнімдерін өткізу т.т. үшін ауылдықтарға тек жол керек.  Әсіресе, қазіргі, әр аулада бір-бір машинадан дүрілдеп тұрған заманда жолдан басқа ештеңе керек емес» деп қорытқан едік.

Осының үстіне Солтүстік Қазақстан сияқты шекаралық облыстың жеріндегі шағын ауылдарды «болашағы жоқ» деген сылтаумен құртатын болсақ, жер бос қалады. Мұның өзі елдің қауіпсіздігін сақтауға да кері әсерін тигізеді. Ежелден «бос жер жау шақырады» деген тәмсіл бар. Оны да ескеру керек.

Алайда біздің сөзімізді елейтін билік жоқ. Облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың сөзі сол баяғы: «Біз тұрғыны көп ауылдарға қаржы құямыз» болып отыр. Қазір тұрғындары көп ауылды қайдан табасың. Барлық мекендер де тұрғындарынан еселеп айырылып қалған. Халықтың мұң-мұқтажын еститін Үкімет болса тым болмаса айтылған мәселелерге көңіл аударар еді. Алайда бізде еститін билік жоқ па деп ойлаймыз. Мұндай істерді керісінше, ештеңені естімейтін керең мемлекеттің қылығы ма деп қаласың...

 

Солтүстік Қазақстан облысы