Жолдардағы құрылыс, жөндеу жұмыстарының барысы мен жолдың сапасын Қазақстанның әрбір тұрғыны бақылай алады. Арнайы әзірленген мобильді қосымшада тіркеле отырып, пайдаланушылар фотоматериалдарды, автомобиль жолдары саласындағы жобалардың сапалы іске аспауына қатысты ақпаратты, ақау орындарын жібере алатын болады. Ұлттық жол активтері сапасы орталығының сайтында жинақталған ақпарат Орталықтың өңірлік бөлімдері мен жергілікті атқару органдарына олқылықтардың жойылуы үшін жолданады. «Азаматтық бақылау» қосымшасы арқылы материал жолдаған пайдаланушының жеке кабинетіне түсірілген арыздың жағдайы туралы хабарлама және олқылықтың жойылғандығын дәлелдейтін фотоесеп келеді.
Қосымшаны әзірлеушілердің айтуына қарағанда, мәліметтер кесте түрінде жиналмақ. Онда елдің белгілі бір өңірі белгіленіп, мәселенің орындалу жағдайы көрсетіледі. Бұдан кейін ақпарат автоматты режимде Қазақстан картасында белгіленеді. Осылайша, елдің әр өңіріндегі жағдай бақылауға алынбақ. Қосымшаны осы жылдың наурызынан бастап Android және iOS платформаларында тегін жүктеуге болады.
Сондай-ақ биыл елімізде «Жол активтерін басқару жүйесі» атты басқа қосымша іске қосылады деп күтілуде. Қосымшада жолдардың жағдайы туралы мәліметтер мен жол бойында көрсетілетін қызметтердің тізімі пайдаланушылар үшін қолжетімді болмақ.