Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

Атқарылған істер ауқымды

208 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов өңір тұрғындарына есеп берді. Жалпы, 2019 жылдың 12 айында облыста барлық салада алға жылжу байқалады. Аймақта өткен жылы әлеуметтік салаға баса мән берілген. Облыста денсаулық сақтауды дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр.

Атқарылған істер ауқымды

 

Үш жыл ішінде 1086 жоғары технологиялы жабдық алынған. Роботхирургия мен трансплантология, политравма және ортопедия, сондай-ақ офтальмохирургия орталықтары ашылды. Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасы негізінде нейрохирургияға арналған ал­ғашқы гибридті операциялық бөлме жұмысын бастады. Алтай және Аягөз аудандарының ор­талықтарында ІІ деңгейдегі инсульт орталықтары құрылды. Дәрігерлерді даярлаудың үш деңгейлі бағдарламасы жүзеге асырылуда. Үш жыл ішінде 5511 дәрігер оқытылды, оның 276-сы әлемнің жетекші клиникаларында біліктілігін арттырған.

Облыс әкімі атап өткендей, биылдан бастап медицина кадр­ларын оқыту мерзімі 3 айдан 1 жылға дейін ұзартылған. «Қа­былданған шаралар медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға және диагностикалау мен емдеудің 130-дан астам жаңа әдістерін енгізуге мүмкіндік берді. Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау 6 пайызға артты, нәресте өлімі – 28, қан айналымы жүйесі аурулары – 7, туберкулез 66 пайызға төмендеді. Биыл денсаулық сақтау ұйымдарын жаңғыртуды жалғастырамыз, дәрігерлерді тұрғын үймен және көтерме жәрдемақымен қам­тамасыз етеміз. Бұл облыстың денсаулық сақтау саласында сапалы өзгерістер жасауға мүмкіндік береді», деді Д.Ахметов.

Білім беру саласында да бір­қатар жоба қолға алынған. Шығыс Қазақстан «Менің мек­тебім» жобасы бойынша облыстың 648 мектебін IT-сы­ныптармен жабдықтаған жалғыз өңір. Оқушылар роботтехника, 3D-модельдеу және бағдарламалау бойынша тегін білім алады. 2019 жылы 3 мектеп пен 2900 орынға шақталған қосымша мектеп ғимаратының құрылысы аяқталған. Ал 2020 жылы Абай ауданында, Өскемен, Семей және Риддер қалаларында жалпы саны 5500 орындық 7 мектеп салу жоспарланған. «Бі­лікті маман» жобасы аясында үшінші жыл қатарынан өңірге қажетті мамандарды оқыту үшін жоғары оқу орындарында облыс әкімінің гранттары бөлініп келеді. Нәтижесінде, 3 жыл ішінде түлектердің шетелдің жоғары оқу орындарына кетуі 1800-ден 535 адамға, яғни 3 есеге төмендеді.

Көп балалы, әлеуметтік тұр­ғыдан аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларының кешенді бағдарламасы іске асырылуда. Өңірде аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балалары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен және мектеп формасымен қамтамасыз етілген. 3,8 мың бала балабақшаларға тегін барады. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 4200 түлек колледждердің және жоғары оқу орындарының грант­тарына ие болды. Кезекте тұрғандар қатарынан 523 көп балалы отбасына пәтер берілген.  Сонымен қатар биыл қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру үшін 21,5 мың балаға облыстық бюджеттен 418 млн теңге бөлінді. Аймақ басшысы есептік кездесу барысында қала және аудан әкімдеріне, сондай-ақ Білім беру, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларына көп балалы отбасыларына уақтылы кепілді әлеуметтік қолдау көрсетуді тапсырды.

Өңірде жол-көлік инфра­құрылымына да ерекше көңіл бөлінген. Ағымдағы жылы жол саласына 102,8 млрд теңге инвес­тиция құйылады. Оның 82,3 млрд теңгесі республикалық маңызы бар «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қалбатау –Майқапшағай» бағыттарына, 20,5 млрд теңгесі жергілікті маңызы бар жолдарға бағытталмақ. Облыста халықаралық қар­жы институттарының инвестицияларын тарту бойынша да белсенді жұмыс жүргізілуде. Аймақта мемлекет-жеке­мен­шік әріптес­тігі аясында 222 млрд-тан астам теңгені құрайтын 267 жоба жүзеге асырылуда. Еуропа қай­та құру және даму банкімен 75 млрд теңгеге 12 жоба бойын­ша шарттар мен алдын ала келі­сімдер жасалған. Өскемен және Семей қалаларын жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту бойынша 4 жоба іске асырылуда. Қалалардың, сондай-ақ аудан орталықтарының көшелері жарықтандырылуда. Естеріңізге сала кетейік, жақында ЕҚДБ-мен Өскемен және Семей қалаларында қалдықтарды өң­деудің интеграцияланған кешен­дері мен жаңа санитарлық полигондар салу туралы келісімге қол жет­кізілді.

Есепті кездесуде өңір тұр­ғын­дарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де айтылды. 2019 жылы қолға алынған 69 жоба бойынша 18 нысан қолданысқа берілген. Соның нәтижесінде 2015 жылдан бері ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту көрсеткіші 42-ден 67 пайызға дейін өскен. Сонымен қоса 77 шағын ауылда су тазарту және тарату блок-модульді стансалары орнатылған. Биыл 30 сумен қамту және су тарту нысанын қолданысқа беру, 50 шағын ауылда суды тазарту және тарату блок-модульді стансаларын орнату жоспарланып отыр.

Есептік кездесу соңында облыс тұрғындары аймақ басшысына өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Жанар Жеңісова есімді Семей қаласының тұрғыны видео арқылы: «12 жастағы мүгедек балам бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаламызға сапармен келген кезде Оңалту орталығын салу керектігін айтқан еді. Сол орталық қашан салынады?» деп сауал қойды. «Мемлекет басшысының тапсырмасы міндетті түрде орындалады. Қазіргі уақытта сараптама жұмыстары жүргізілуде. Айталық Семейде 1304 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның ішінде 489 бала Оңалту орталығына қаралуы тиіс. 140 балаға стационарлық күтім қажет. Мамыр айында талдау жұмыстары толық аяқталады. Содан кейін құрылыс жұмысына кірісеміз. 2021-2023 жылға қарай Оңалту орталығы халық игілігіне беріледі», деді Даниал Ахметов.

 

Шығыс Қазақстан облысы