Ілкі заманда халқымызда дәл мұндай келеңсіз көрініс жоқ еді. Ел ішінде бірлі-жарымды кезіксе кезіккен шығар, оның өзі алабөтен, оқыс оқиға болып саналатын. Перзенттерінің дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетуі – сүйекке таңба. Атам қазақ «қайтып келген қыз жаман» дегенде, қызды ғана емес, тәрбиені меңзеген. Бозбала да, бойжеткен де тәрбиенің тәлімі тамаша болғандықтан, шаңыраққа сызат түсірмеуге тырысқан. Ал бүгінгі себеп неде? Енді осы тарапта ой толғап көрелік.
– Ең алдымен қайын ене мен келіннің тіл табыса алмауы, – дейді «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық зерттеу орталығы» қоғамдық қорының психологі Жұлдыз Бекахметова, – алдымызға келген, мән-жайын құлағымызбен тыңдаған, ажырасуға бет алған жастардың уәжі осы. Екіншісі, 20-25 жас аралығындағы жастардың дені өз бетінше өмір сүруге дайын емес. Олардың басым бөлігі белгілі бір мамандықты игермеген. Сол себепті табыс таба алмайды. Мәселе осы жерден туындайды. Тұрақты табысы болмаған соң отбасын қалай ұстап тұрсын? Үстінен құс ұшырмай, әлпештеп баққан әке-шеше отаудың жайын қашанғы ойлай береді? Тұрмыстық қиындық туындаған соң әлгі жастар бірін-бірі кінәлайды да, ақыр соңы кеше ғана көтерілген отаудың есігін жауып тынады. Демек, ең алдымен ұл-қызымыздың өз күнін өзі көретіндей мамандық алуын күні бұрын ойластыруымыз керек. Егер Алла жарылқап перзентті болса, сол баланы да бағатын қауметтері жоқ. Салығын ата-анасының мойнына артып қоюға құмар. Құда-құдағидың арасындағы келіспеушілік дәл осы жерден туындайды. Кім өзінің перзентін жаман десін, бірін-бірі кінәлаудың басы жастардың өзара тіл табыса алмауынан, белгілі бір кәсіп иесі болмағандықтан, күн көре алмауынан басталады.
Мамандардың айтуына қарағанда, жас отбасылардың тез ажырасып кетуі әлеуметтік-тұрмыстық себептерден. Мәселен, дайын баспананың болмауы, жалақының жарытымсыздығы, балаларын балабақшаға орналастыра алмау, ол баланы кімнің ата-анасы бағады. Міне, осылай тағар мін, айтар айып жалғаса береді.
– Қазіргі жастардың жауапкершілігі азайып келе жатқандай ма, қалай? – дейді ел ақсақалы Жомарт Салықов, – бұрынғы қазақ «үйлену оңай, үй болу қиын» дейтін. Осы жалғыз ауыз сөздің астарында бар мәселе айтылып тұрған жоқ па? Біз бауыр еті – балаларымызды бетінен қақпай, ештеңеге мұқтаж қылмай еркелетіп өсіреміз деп, ынжық, жасық қылып алдық. Олардың көпшілігі еңбектің парқын білмейді. Бесіктен белі шықпай жатып қызылды-жасылды дүниеге қызығып, материалдық игілікке ұмтылады. Оңай келер олжа қайда бар. Бәрі еңбекпен келуі керек. Олардың ойынша жоғары оқу орнында оқыса, шетелдік көлікпен бару керек. Үйленсе, үйлері дайын тұру керек. Былайша айтқанда, «дайын асқа тік қасық» болғысы келеді. Негізінде барлығын еңбек етіп, табыс тауып, өзі жасауы керек емес пе? Бұл арада қоғамдағы ахуал да кесірін тигізіп тұр. Қауметі келген адам үлде мен бүлдеге орап қояды. Ал, тұрмысы қоңторғай кісінің мұндай жағдайға қолы жете ме? Есесіне баласы пұшайман. Ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ, бәрі пешенеге жазылған дүние. Бақ пен байлық тынбай талаптанған, еңбектенген адамның еншісі. Ендеше, балаларымызды боркемік қылмай, тырбанып тіршілік етуге, дүниенің парқын білуге үйретуіміз керек.
Ендігі бір себеп, саламатты өмір салтын дұрыс ұстанбауда екен. Мәселен, ішімдік ішіп, есірткі шегу. Облыс орталығындағы наркологиялық диспансерге бас сұқтық. Қазір мұнда 9 мыңға жуық адам есепте тұр. Араққа құмарлық алысқа апармайды. Диспансердегі он екіде бір гүлі ашылмаған жастарды, орта буын тепсе темір үзетін азаматтар мен азаматшаларды көргенде иманың қасым болады. Аты-жөнін айтпауды өтінген бір адаммен тілдестік. Заманында тәп-тәуір спортшы болған екен. Облыстық, республикалық сан сайыста топ жарыпты. Ел болашағынан үміт күткен. Өзі де діттеген жеріне жетіп, атақ пен абыройына бөленеріне сенімді болған. Әттең тура жолдан тайып кеткені. Тайған өзі, ешкімді кінәламайды. Рас, әр жарыстан жалауы желбіреп келгенде қошеметшіл топ қаумалаған, жеңісін жудырған. Бірте-бірте араққа салынып кеткенін де байқамай қалыпты. Кейін ес жиған, бірақ бәрі кеш. Баяғы тепсе темір үзетін күш-қуат бойдан қашқан. Спорт түгіл кәдімгі қарапайым адамдай күн көруге шамасы жоқ. Осы диспансерге орналасыпты. Бір кезде өзінің де санасын улаған ащы судың қасіретін жастарға айтып жүр, түсіндіріп жүр. Өзі жасаған қателікті өзгелер жасамаса екен дейді. Ең өкініштісі, жары мен үш баласы басқа қалаға көшіп кеткен. Іздеп баруға, кешірім сұрауға, қайта қосылуға бет жоқ. Бұл бір адамның ғана тағдыры. Ал, мұнда қаншама тағдырлар тасқа соғылып, шағылып жатыр.
– Тәуелсіздік алған елең-алаң шақта мұсылман әйелдері лигасын құрдық, – дейді зейнеткер ұстаз Рауза Бәйкенова, – рухани әлемдегі олқылықтың орнын толтырмаққа ұмтылдық. Дәл сол кезде экономикалық қиыншылықтарға байланысты тәлім-тәрбие әлемінде бос кеңістік пайда болды. Әлгі кеңістікті шет елден келген бұзақылықты, атыс-шабысты насихаттайтын фильмдер басып кетті. Бәлкім осындай дүниенің әсері шығар, жастар тәрбиесінің тізгінін мықтап ұстай алмадық. Менің ойымша, жастар құрған шаңырақтың шайқалуы ең алдымен ұлттық сана мен тәлім-тәрбие жетіспеуінен шығар. Таяуда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рухани әлеміміздегі кемшілікті ұлы Абайдың мұрасымен толтыруды, барлық бұрынғы құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, жаңа заманның адамын Абай ғибратымен тәрбиелеуді ұсынды. Мүмкін қоғамдағы орын алып отырған келеңсіздікті дәл осындай идеямен, ұмтылыспен толтырармыз.
Қалай болған күнде де бұл дәл қазір өзекті мәселе. Ендігі арада жұқпалы ауру құсап етек алып кетпесін десек, олқылықтың орны үңірейіп тұрған осы тұсқа дендеп назар аударуымыз керек-ақ.
КӨКШЕТАУ