Абай • 20 Ақпан, 2020

Оралда ең үлкен даңғылдың бірі Абай есімін иеленеді

420 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөніндегі жұмыс тобы Орал қаласындағы ең үлкен даңғылдың бірін Абай есімімен атау туралы бірауыздан келісімге келді.

Оралда ең үлкен даңғылдың бірі Абай есімін иеленеді

Бұл ұсынысты Қазақстан Жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, ақын Ақұштап Бақтыгереева көтеріп, оны өңірдегі қаламгерлер толық қолдаған болатын. Қала басшысы Абат Шыныбеков қатысқан жиында Ақұштап апай сөз алып, Абай тұлғасы, Абай мұрасы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан үшін ең басты құндылық болуы тиіс екендігін, оның көрінісі барлық жерден байқалуы қажеттігін айтты. Шынында да ақын Ғайсағали Сейтақ айтқандай, Кеңес өкіметі жылдарында Орал қаласында Абай есімі берілген көшенің ұзындығы 100 метрден аспайтын, қалтарыстағы қараңғы бұрыш болыпты. Қуанарлығы, түрлі ұлт өкілдері бас қосқан жиында Орал қаласындағы ең үлкен көшенің бірі – Евразия даңғылына Абай Құнанбайұлының есімін беру ұсынысын бәрі қолдады.

- Евразия даңғылында 250-ден аса үй бар, 100-ден аса бизнес нысаны, 20 мемлекеттік нысан орналасқан. Оның ішінде 4 білім ошағы, қалалық әскери комиссариат, төтенше жағдайлар департаменті, Абай полиция бөлімі де осы көше бойында. Біз болашақта Абай даңғылын абаттандыру, оны басқа көшелерден ерекшелендіру үшін жаңа дизаин, жаңа келбетін ойластырамыз, - деді Абат Абайұлы.   

Айта кетейік, осыдан бір күн бұрын ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына арналған шаралардың батыс Қазақстан облысында ресми ашылу салтанаты өткен болатын. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, өңірде Абай мерейтойына орай 800-ден астам ірілі-ұсақты іс-шаралар өткізу жоспарланған. Оның ішінде төрт шара халықаралық, алты шара республикалық деңгейде өтпек.

- Біздің өңірдің бір ерекшелігі - Ресей Федерациясының бес облысымен шектесеміз. Бұл облыстарда 470 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Алдағы уақытта Ресейдегі қандастарымызға Абай мұраларын кеңінен насихаттап, шығармаларын қазақ диаспорасы өкілдеріне таратуды қолға алмақпыз. Абай Құнанбайұлының біздің өңірмен тағы бір байланысына тоқталар болсақ, алаштанушы Тұрсын Жұртбай ағамыз бір сөзінде Құнанбай қажы баласы Абайды Семей қаласында орналасқан медресеге оқуға бергенін айтады. Үш айдан кейін «Мына бір жас молданың оқуы күшті екен» деп Қамараддин молдаға ауыстырған. Абайға ұстаз болған оқымысты, діндар, ғалым Қамараддин Бижомартұлы 1877 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген екен. Осындай құнды тарихи шежірелерімізді кейінгі ұрпаққа насихаттап, Абай атамыздың өшпес дүниелерін ұрпағымызға өнеге етіп қалдыруымыз керек, – деген еді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Суретті түсірген Эльвира Меңдіғали

Батыс Қазақстан