Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

Ауыр атлетика: Азияның үздігі – Рахат Бекболат

201 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте жасөспірімдер мен жастар арасында өткен Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы 14 (9 алтын+2 күміс+3 қола) жүлде алып, өз жанкүйерлерін қуантты.  

Ауыр атлетика: Азияның үздігі – Рахат Бекболат

Айтулы жарыстың қорытындысы бойынша 16 жастағы қазақстандық жас спортшы Рахат Бекболат Азияның ең үздік ауыр атлеті атанып, оған арнайы сыйлық табыс етілді.

Расында да 102 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Сыр бойы сайыпқыранының табысына таңданбау мүмкін емес. Сары құрлықтың ең мықты деген жас өрендері бас қосқан жарыста ол өзі құрыптас жасөспірімдер арасында ғана топ жарып қоймай, жастар буыны арасындағы додада да дараланды. Яғни, өзінен үш-төрт жас үлкен спортшыларға сан соқтырды.

Нәтижесінде Рахат қоссайыстың қорытындысында 356 (158+198) кило салмақты еңсеріп, қос алтын медальді иеленді. Сонымен қатар, қазақтың ұлы жоғарыда айтылған жас ерекшеліктері бойынша әлемдік рекордты жаңартты. Құтты, болсын, Рахат!