Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

Жаға ұстатқан жат қылық

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Егер адам жұмыссыз болып немесе жеке басындағы, отбасындағы, қызметіндегі түрлі қиыншылықтардан күйзеліске түсіп, өзіне өзі қол жұмсаса ондайды да қоғамға жат қылық санаймыз. Ал қол аяғы балғадай, қызметі бар, күнделікті өмірде азаматтардың заңды жолмен жүруін, адам өмірінің сақталуын, қоғамдық тәртіптің  бұзылмауын қадағалайтын тәртіп сақшысы өзіне өзі қол жұмсағандығы шектен шыққан қылық екендігі даусыз.

Жаға ұстатқан жат қылық

Жуырда Петропавл қаласында осындай өрескел жағдай орын алды. 29 жастағы тәртіп сақшысы өзіне-өзі қол жұмсап, өмірден өткен. Оның облыс орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан Смирново селосының тұрғыны екені анықталды. Полиция қатарында істеп жүргеніне бір-ақ жыл болыпты. Ал өзіне өзі қол жұмсау фактысы Петропавл қаласында жасалғанымен марқұм Аққайың ауданы полция бөлімінде қызмет істеген. Бұл туралы ПД бас маманы Сән Жұмағазина айтты. «Қазір суицид жасау бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеріс жүргізуде. Тергеу барысы – Солтүстік Қазақстан облыстық ПД бастығы, полковник Марат Төлебаевтың жеке бақылауында», деді ол.

Аталған факті Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген екен. Қазір жігітті мұндай қадамға баруға не итермелегені анықталып жатыр.

БАҚ-қа ақпарат беруші қызметкердің осынау жалаң, құрғақ фактілерінің ар жағында адамның қиын тағдыры жатыр. Ұлы Абай 37-ші қарасөзінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват», деген ғой. Ендеше тепсе темір үзетін азаматтың мұндай жағдайда дейін баруына қоршаған ортаның  бәрі, соның ішінде қызмет орыны, басшылары, үй-орманы, жора-жолдастары – бәрінің де кінәсі бар екендігі ескерілсе ғой. «Қиындыққа шыдамады, өзі кінәлі» деген сияқты айтыла-айтыла жауыр болған сөздермен жаба салсақ, мұндай оқиғалар алдағы уақыттарда да үзілмейді. Сондықтан бұл істің арты тергеуден басқа басқалардың бәрі сабақ алатындай үлкен талқыға салыну керектігі сөзсіз.

ПЕТРОПАВЛ