Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

Солтүстік Қазақстанда 37 адамы бар 15 көлік құтқарылды

115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ат құлағы көрінбес ақпанның ақырған бораны Солтүстіктің жолдарын жауып тастағанымен қоймай, жеңіл көліктерді қарға көміп жатыр. 20 ақпанға қараған түні қар құрсауында қалған, жоғарыда айтылған көліктер тегіс Тимирязев ауданы Дмитриевка селосының маңындағы «КТ-27» деп аталатын «Волошенка – Тимирязев» республикалық маңызы бар автожолында №18-ші өрт сөндіру бөлімінің «Нива Бронто» жол талғамайтын көлігі және 3 «ДЭУ–63» техникасының күшімен қардан қазылып алынды. 15 бірлік автокөлікте 37 адам, оның ішінде 1 бала болған.

Солтүстік Қазақстанда 37 адамы бар 15 көлік құтқарылды

Әйтеуір қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Синоптиктер алдағы күндерде де осындай күрделі ауа-райы сақталады деп болжауда. Ауаның температурасы аса суық болмаса да күшті боран көз аштырар емес.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында автокөліктің барлық түрлері үшін автожолдардың 42 учаскесінде қозғалыс жабылды. Оның ішінде 5-уі республикалық маңызы бар, 37-сі облыстық маңызы бар жолдар. ТЖ департаментінің, полиция департаментінің, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ жауапты қызметкерлерінің қатысуымен облыстық жедел штаб жұмыс істейді, зардап шеккендерден хабар қабылдау үшін «жедел желі» жұмысқа қосылған.

Республикалық маңызы бар «Жезқазган – Петропавл» автожолының Кеңес және Жаңажол ауылдарының арасындағы 30 шақырымдық учаскеден Шал ақын ауданының  № 6-шы өрт сөндіру қызметі құралдарының күшімен және «АСА–20» авариялық-құтқару автокөлігі пайдаланылып жол жиегіне түсіп кеткен металл құбырлармен тиелген VOLVO жүк автомобилі шығарылды. Бұл құтқару жұмысына инженерлік техниканың 6 бірлігі мен жеке құрамның 12 адамы жұмылдырылды.

Ақпанның айықпас боранымен айқас одан әрі жалғасуда.

Солтүстік Қазақстан облысы