Сотириу Кипр астанасы Никосия қаласының «Олимпиакос» командасының түлегі. Ол дәл осы клуб сапында өз мансабын бастап, артынша ішкі чемпионаттың көшбасшысы, елорда жанкүйерлеріне жақсы таныс АПОЭЛ сапына ауысады.
Бір айта кететін жәйт, Пиерос Кипр чемпионы сапында «Астанаға» қарсы үш кездесуде алаңға шыққан. Алайда нәтижелі ойынымен көзге түскен жоқ. Дегенмен, ол ЕУРО-2020 іріктеу кезеңі аясында өткен Қазақстан және Кипр құрамалары арасындағы екі кездесуде де гол соққан. Сотириу АПОЭЛ сапынан кейін, Дания чемпионатының көшбасшысы «Копенгаген» футбол клубының қатарын толықтырды.
27 жастағы шабуылшы төрт мәрте Кипр чемпионатында топ жарса, бір мәрте Дания чемпионы атанған. Пиерос УЕФА аясындағы 60 кездесуде алаңға шығып, 13 гол соққан тәжірибелі ойыншы. Сондай-ақ, Кипр құрамасы сапында өткізген 40 кездесуде 10 гол соққан.
Сотириу мен «Астана» арасындағы келісімшарт мерзімі 3 жыл.