Қазақстан • 20 Ақпан, 2020

Сарбаз қару-жарақпен қашып кетті

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Бадам елді мекеніндегі 10216 әскери бөлімде әкери борышын өтеп жүрген сарбаз қоймадан 30 автомат, 27 тапаншаны ұрлап, белгісіз жаққа қашып кеткен. Мұндай ақпарат бүгін таңертең «WhatsApp» жүйесі арқылы таратылуда. Мұны мессенджер жүйесіне кімнің салғаны белгісіз. Бірақ оның растығы күмән туғызбайтын сияқты. 

Сарбаз қару-жарақпен қашып кетті

Аталған жүйеде жарияланған құжатқа қарағанда, 19 ақпанда түнгі сағат 11-лердің шамасында 10216 әскери бөлімнің кіші сержант, кезекшінің көмекшісі А. Балғынбай кезекші аға лейтенаттың демалып жатқанын пайдаланып, оның қалтасынан қару-жарақ сақтайтын бөлменің кілтін алған. Осыдан кейін ол дабыл қондырғысын өшіріп, бөлмеден 30 дана Калашников автоматын, 27 дана Макаров тапаншасын және аталған қаруларға арналған оқтарды алған. Кілтті қайтадан кезекшінің қалтасына салып қойған ол қару-жарақтарды алып белгісіз бағытқа кетіп қалған. Бұл туралы бөлімдегілерге бүгін таңертеңгі сағат 7-де белгілі болған.


Қазіргі уақытта аталған әскери бөлімде осыған қатысты тексеру амалдары жүріп жатыр. Куәгерлердің айтуынша, Шымкент пен Бадам арасындағы жолды полицейлер мен әскерилер күзетуге көшкен. Тіпті кейбіреулер шұғыл-іздестіру шараларына тікұшақтың да қатыстырылып жатқанын айтуда.


Түс қайта Қорғаныс министрлігі осыған қатысты ресми ақпарат таратты. Онда кіші сержант Балғынбайдың кезекшілік ауысымы кезінде өз бетінше әскери бөлімді тастап кеткені, осыдан кейін бөлімде қару-жарақтың жетіспейтіндігі белгілі болғаны көрсетілген. Ақпаратта сондай-ақ, күштік құрылымдар мен әскери полицияның қажетті шұғыл-іздестіру және қауіпсіздік шараларын жүргізіп жатқаны жазылған.