Руханият • 21 Ақпан, 2020

Музыкалық мәдениет – мектептен

52 реткөрсетілді

Қазір отандық баспасөзде «орыс мек­те­бі» деп жазатын тілшілерді бай­қай­мын. Әл­бетте, елімізде білім беру ны­са­ны­­на қа­тыс­ты «орыс мектебі» деген паспорт беріл­­мей­тінін есте ұстаған абзал.

Бұл арада тілшінің орыс тілінде оқытатын мектепті ауызекі сөз қолданысымен пай­да­лан­ғанын түсіндім, әрине. Яғни аралас тілді мектепті «аралас мектеп» деп қысқа қайыра атай­тынымыз сықылды кеп. Бірақ «орыс мек­тебі» деген атаудың Ресейде ғана пайда­ла­нылатынын ұмытпауымыз қажет. Осы іс­петті атауларға абай болу керек. Өйткені бұл нәзік мәселе. Мектеп демекші, соңғы кезде мек­теп­те­рімізде кемшін соғып жатқан музыка пәні ту­ралы ой тарқатқым келіп отыр.

Дүйім дүниені дүр сілкіндірген Димаш Құдайберген еліміздегі сахнаға енді шыға бас­таған кезінде әлдебіреулердің сыңар­езу­ле­ніп сын айтпақ болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Мәселен, бір айтыскер бауырымыз оған әлдебір телешоуда «әйел дауысты» деген парықсыз пікірін білдірді. Бұл жайт осы күнге дейін көңілімнен кетпейді. Димаштың бір бойында бірнеше деңгейлі дауыс октавасы бар. Яғни мамандардың айтуынша, баритон, тенордан колоратуралық сопраноға дейінгі диапазонға ие. Кәсіби опера әншісінде екі октава болатынын ескерсек, бұл табиғаттың ерекше сыйы.

Кезінде ұлттық консерваториямызда Ерік Құрманғалиевтай біртуар әншіміздің де дауы­сы­ның ерекшелігін танитын маман болмады. Сондықтан ол Мәскеу барып оқып, сол жақ­та әлемге танылып, дүниеден өтті. Көзі тірі­сін­де ел болып құрмет көрсете алмадық. Бұл елі­міздің мәдени кеңістігіне айтарлықтай сын бол­ды.

Бірде теледидардан Майра Мұхамед­қы­зы­ның Димашқа шетелге барып та­нылу туралы кеңес айтқанын көрген едім. Ол өзі де шетелде өнері мәлім болып, халықаралық үлкен сахналарда ән айтқаннан кейін барып Қазақстанға Елбасының шақыртуымен келді. Өзі өткен өткелекті білген соң жас талантқа әрі шәкіртіне жол сілтеп отыр. Қазір қарасаңыз, төрткүл әлемдегі табынушылары Димаш ұлымызды төбесіне көтеріп, қошемет көрсетіп жатыр. Бір Димаш бүкіл қазақ мәдениеті мен өнерінің әлемдегі елшісіне айналды. Бұл Қазақстанның мерейін тасытты.

Бірде Алматыда Құрманғазы атындағы Ұлт аспаптары оркестрінің 80 жылдық мерекелік кешіне барған едім. Сахнада оркестрдің жүзге жуық мүшесі ойнап отыр. Бір кезде белгілі эстрада әншісі шығып, әнін орындап болған соң басын иді. Ал оркестр әлі ойнап жатты. Оркестр соңғы аккордын қоймай жатып басын иген әншіге залдағы көрермен қол соқты. Оркестрдің өнері ескерусіз далада қалғандай әсер қалдырды. Музыка мен сахнаның мәдениеті бойынша әншінің оркестрден бұрын бас июі өте өрескел. Оған әнші жол бермеуі керек еді. Бірақ орындаушы оған мән берген жоқ. Құдды сахнаға жалғыз өзі шыққандай, әнін тәмамдаған соң музыкалық сүйемелдеуін ойнап бітпеген оркестрді күтпестен бір өзі қошеметке ие болып, сахнадан шығып кетті. Классикалық жоғары деңгейдегі Әлібек Дінішев сияқты өнер иелері оркес­тр ойнап біткенше күтеді, содан соң барып оркестр дирижерімен бірге басын иіп, көрер­мен қошеметіне оркестрмен бірге ілтипат көрсетеді. Яғни халық оркестрге де, әншіге де бірдей қол соғады.

Негізі, музыкалық мәдениет мектептен бас­талады. Бұрын дене шынықтыру пәніне мән берілмеуші еді, қазір ән-күй сабағына көңіл қоймайтын үрдіс байқалады. Көбіне мектеп басшылығы басқа пәндердің сағат үлесіне алмастырып жібереді. Бұл ретте ата-аналардың да үлесі бар сияқты. Өйткені қазір балаға болашақтың инвестициясы ретінде қаржы құйғанда негізінен бейімі бар пәндерге, жаратылыстану сабақтарына көп көңіл бөледі. Бірақ оның есебін бірыңғай музыка пәнінен алуға болмайды. Қазіргі жас буын тұрмақ, орта буынның музыкалық талғамының, мәдени ой-өресінің төмен деңгейге түсіп кетуінің ең басты себебі осы мектептегі музыкалық мәдениетке мән бермеуден тамыр алады деген ойдамын. Сондықтан да айналамызда «шөпті де, шөңгені де» өлең деп танитын, «әннің де естісі бар, есері бар» деп білмейтін бірнеше буын ұрпақ қаулап өсті. Бұл шын таланттарды тасада қалдыратын қауіпті үрдіс. Тіпті, талғам деген қарапайым танымның болуы адамның өзіне қажетті қасиет емес пе?!

Аспирантурада оқып жүргенімде еврей қызы Ираида Середенкомен бір бөлмеде тұр­ған едім. Мен қазақтың, ол өз ұлтының дәс­түрлерін әңгімелейді. Бір әңгімесінде ол еврей келіншектері аяғы ауыр болғаннан бас­тап, оларды басқа шаруаның бәрінен бо­сатып, «Сен орманға бар, табиғаттың үніне ден қой, музыка тыңда, жүрегіңнің ас­тындағы нәрестені тәрбиелеуді баста» деп айтатынын жеткізген еді. Сол себепті мектептерде өске­лең ұрпаққа музыкалық мәдениеттің өз дең­гейінде сіңірілуіне баршамыз құмбыл болуы­мыз қажет.

Соңғы жаңалықтар

iPhone 12 Pro рендері шықты

Технология • Бүгін, 18:31

Петропавлда екі ұры қолға түсті

Аймақтар • Бүгін, 18:07

Ұқсас жаңалықтар