Саясат • 21 Ақпан, 2020

Тендерді майшелпек көреді

238 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында жүргізіл­ген сараптама нәтижесінде өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрбір алтыншы дерек мемлекеттік сатып алу саласына қатысты екендігі анықталған.

Тендерді майшелпек көреді

Арнайы мониторинг көрсет­кендей, мемлекеттік сатып алу сала­сындағы жең ұшынан жал­ғасу жыл өткен сайын тамыр жайып, тапсырыс беруші мен орын­даушы арасындағы ымыраласу дәстүрге айналып отыр екен. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мамандары өңірдегі мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс істеп отырған 18 000 тапсырыс беруші мен 80 000 қыз­мет көр­сетушінің қызметіне талдау жа­саған. Нәтижесінде, бұл саладағы әрбір алтыншы жұмыс күдік туғызып отыр. Ал облыстағы мемлекеттік тапсырыс жүйесі бойынша жұмсалған мемлекет қаржысы соңғы 4 жыл көлемінде 1,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін көбейген.

– Мемлекеттік тапсырыс бо­йынша орындалған әрбір алтыншы жұмыс күмән туғызады. Бұл жерде тараптардың ымыраласып сөз байласуынан бастап, техникалық мінездеме жасаудағы өрескел қателік, жұ­мыс атқарылғаны жөніндегі жалған акті­лер және ұсынылатын бағаны қасақана төмендету, жоғарылату сияқты факторларды ескеру керек. Нәтижесінде, облыстағы мемлекеттік сатып алуға жұмсалған қаржының біраз бөлігі, атап айтқанда 5 млрд теңге мақсатсыз жұмсалған деген қорытынды жасап отырмыз, – дейді Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі Алматы облысы бойынша депар­таменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.

Айтпақшы, аймақтағы мем­ле­кет­тік тапсырыс бойынша жасал­ған зерделеу бойынша заң талабын өрескел бұзған мекеме­лердің қатарында «Қазавтожол» ұлттық компаниясының облыс­тағы филиалы да бар екен. Жал­пы, бұл мекеме жемқорлыққа қарсы кү­рес қызметінің қырағы көзіне бұ­ған дейін де іліккен болатын. Мысалы, өткен жылдың қара­ша айының соңғы ширегі мен жел­тоқсан айындағы табиғат сынына Алматы облысының жол жөндеушілері төтеп бере алмай қалған еді. Аймақтағы іш­кі қатынас жолдарын былай қойғанда, республикалық ма­ңызы бар трассалардың қары кү­релмей, көктайғақ болып жатты. Соның кесірінен жолдарда көлік апаты көбейіп, адам өмірін жалмаған ондаған оқиға болды. Бұл облыстағы жол жөндеуші ұйым­дардың қар тазарту жұмыс­тарына дайын еместігін көр­сетті. Ал трассалардың дер ке­зін­де күрелмеуіне жауап­ты меке­мелердегі арнайы техни­каның жетіспеушілігі басты себеп бол­ған екен.

– Бұған дейін техникалардың қысқы кезеңге дайындығын тек­­се­ру нәтижелері бойын­ша жол дайын­дығымен айна­лы­са­тын «Қазавтожол» АҚ, «КазахАвтоДор» ЖШС ұйым­дарын­да арнайы техниканың жет­кіліксіздігі анықталған. Осы­ған сәйкес арнайы техникаларды алып, оларды стандартқа сәй­кестендіру қажеттілігі туралы ұсыныс берілген болатын. Оларға облыстық Полиция де­партаментінің қызметкерлері 25 желтоқсанға дейін жол қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету туралы ес­керту де берген. Өкінішке қарай, рес­публикалық маңызы бар автомобиль жолына тех­никалық қызмет көрсетумен және жөндеумен айналысатын «КазахАвтоДор» мекемесінің бұрын берілген ескертулерді орын­дамағаны және жолды қыста кү­тіп ұстауға қойылатын талаптар­ды сақтамағаны анық­талды, – дей­ді Сыбайлас жем­қорлыққа қар­сы іс-қимыл агент­тігі облыстық депар­­таменті бас­шы­сының бірінші орынба­сары Жандос Жұмабаев.

Нәтижесінде, «Казах­АвтоДор»­ серіктестігі Әкімшілік кодекс­тің 462-бабының 3-тар­мағына сәйкес айыпталып, іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Яғни, облыс жолдарындағы күтіп- баптауға немқұрайлы қарағаны үшін мекеме енді 500 айлық есеп көрсеткіші мөлшерінде айыппұл төлейді.

 

Алматы облысы