Өткен жылы мұнай мен конденсат өндіру деңгейі тұрақты болып, 23 618 мың тоннаны немесе Қазақстан бойынша барлық өндіру көлемінің 26 пайызын құрады. Кәсіпорын алғаш рет PRMS халықаралық стандарттарына сәйкес әзірленген қор нәтижелерін жариялап отыр. ҚМГ-ның дәлелденген және ықтимал көмірсутегі қоры 2019 жылдың 31 желтоқсанында мұнай эквивалентінде 676 млн тоннаны (5 220 млн мэб) құрады. Мұнай мен газ тасымалдау сегменті тұрақты жағдайды көрсетуде. Айталық, компанияның құбыр желілері арқылы 78 066 мың тонна мұнай және 103 494 млрд текше метр газ тасымалданды.
ҚМГ Қазақстанның ішкі нарығының ашық түсті мұнай өнімдеріне сұранысын толық өтеді. Артылған көлемі Еуропа мен Орталық Азия нарықтарына экспортқа шығарылды. Компания ашықтықты қолдайтынын растай отырып, алғаш рет парниктік газдардың шығарындылары туралы есепті жариялады. Есеп климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі ҚМГ-ның жетістіктері мен жоспарларын ашып көрсетеді.
«2019 жыл кәсіпорын үшін табысты болғанын хабарлаймын. Біз қауіпсіздік мәселелерін қашанда басты назарда ұстап, мұнайды барлау мен өндіру, тасымалдау және өңдеу бағыттарында қызметімізді жалғастырдық. Соның нәтижесінде Қазақстанның ұлттық мұнай-газ саласындағы көшбасшы компания екенімізді тағы да дәлелдедік. Негізгі мүдделі тараптардың сенімі компания мәртебесін сақтап тұруда маңызды екенін айрықша атап өтеміз. Бұл ретте мүдделі тараптар үшін кірісті барынша көбейту жөніндегі стратегиямызды жүзеге асыруда едәуір нәтижеге қол жеткіздік. ҚМГ үшін бизнесті жауапкершілікпен жүргізу және адамдар мен қоршаған ортаға қамқорлық таныту әрдайым басымдыққа ие екенін мәлімдейміз», деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.
Былтырғы жылдың өндірістік нәтижелеріне тоқталар болсақ, көмірсутек шикізатын өндіру бойынша ҚМГ-ның мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі тәулігіне 485 мың баррельді құрап, өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі 3,9 пайызға өсіп, 8 455 млн текше метрді құрады. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ірі жобалардың мұнай және ілеспе табиғи газды өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі тиісінше 8 142 мың тоннаны (тәулігіне 178 мың баррель) және 5 819 млн текше метрді құрады.
Теңіз мұнай өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 4,1 пайызға, 5 958 мың тоннаға дейін (тәулігіне 130 мың баррель) ұлғайды, ал газ өндіру 4,2 пайызға 3 258 млн текше метрге дейін өсті. Күрделі жөндеу жүргізу үшін өндіру процесінің тоқтатылғанына қарамастан, көлемнің ұлғаюы жұмыстың тұрақтылығына және КТЖ/ШГА/ЕБЗ зауыттары (кешенді-технологиялық желі/ шикі газды айдау/ екінші буын зауыты) беріктігінің артуына байланысты болды. Өткен жылы 1 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында Теңізде КТЖ1 зауытында 40 күнге созылған жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 6,9 пайызға, 1 169 мың тоннаға дейін (тәулігіне 25 мың баррель) артты. Табиғи және ілеспе газды өндіру көлемі 10,4 пайызға өсіп, 700 млн текше метрді құрады. Мұнай және газ өндіру көлемі 2019 жылдың 14 сәуірі мен 19 мамыры аралығында жерүсті және теңіз кешендерінде күрделі жөндеу жүргізу және пайдалану коэффициентін 98,4 пайызға дейін арттыру аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде артты. 2019 жылы Қашағанда өндіру ең жоғары көрсеткішке жетіп, тәулігіне 400 мыңға жуық баррельді құрады. Ал 2019 жылдың IV тоқсанындағы орташа тәуліктік өндіру деңгейі тәулігіне 344 мың баррельді құрады. Қашаған кен орнында алғаш рет барлық өндірістік нысандар толық тоқтатылып, күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды.
Операциялық активтердің мұнай мен газ өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі шамалы азайып, тиісінше, 15 476 мың тонна (тәулігіне 307 мың баррель) және 2 636 млн текше метрге дейін төмендеді. Операциялық активтердегі өндіру көлемінің төмендеуі негізінен Қазгермұнай және ПетроҚазақстан кен орындарында өндірістік жоспарға сай өндіру деңгейінің сәйкесінше 17,7 және 15,5 пайызға табиғи жолмен төмендеуіне байланысты болды.
2019 жылы ҚМГ жеке өзі өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі өткен жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ және 23 509 мың тоннаны құрады. Оның 70%-ы экспортқа шығарылды. Ал ішкі нарыққа өзі өндірген мұнайды жеткізу көлемі 7 130 мың тоннаны (кейіннен мұнай өнімдерін өткізу үшін 6 672 мың тонна көлемінде шикі мұнай жеткізуді қоса алғанда) құрады.