Аймақтар • 21 Ақпан, 2020

Қаңғыбас иттер де қорғалатын болды

495 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында әлем жұрты жағасын ұстады. Француз актрисасы, танымал табиғат қорғаушысы Брижит Бардо халықаралық қоры Қазақстанның батыс өңірінде қаңғыбас иттерді тірілей өртейтінін айтып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды.

Қаңғыбас иттер де қорғалатын болды

Әрине, жан иесін тірілей өртеу – ақылға сыймайтын жауыздық. Батыс Қазақстан облысында дәл мұндай оқиға болды деп айту қиын. Бірақ оралдық «жасылдар» өңірде қаңғыбас ит пен мысыққа қарсы күресте алдыңғы қатарлы елдерде қолданылатын гуманизм принциптері сақталмайтынын айтып, көптен дабыл қағып жүргені рас. Соңғы жылдары бекітілген тәртіп бойынша қаңғыбас итті ұйықтататын дәрімен атып, ұстаған соң екі айға дейін арнайы питомникте сақтап, иесі болса, келіп алып кетуін күту, немесе жаңа қожайынын табуға мүмкіндік беру талабы да сақтала бермейді. Бұл жөнінде жергілікті басылымдарда бірнеше мәрте мақала шыққан болатын.

2019 жылы жаз айында қаңғыбас ит пен мысық мәселесіне орай бірнеше қоғамдық тыңдау өтті. Екі жақтың пікірі ескеріліп, жаңа ереже бекітілді. Яғни қаңғыбас ит қауіпті, қабаған болса жойылады. Қалғанын піштіріп, екпе беріп, арнайы чип орнатып, қайтадан қоя беретін болды. 

Жақында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің өзі Орал қалалық ветеринария стансасына барып, бұралқы ит пен мысыққа жасалатын стерилизация немесе кастрация жұмысымен танысты.

- Бұралқы ит-мысық – қоғамға қауіпті. Олар адамға шабуыл жасауы, ауру таратуы мүмкін. Мұндай жағдайға алдымен өзіміз кінәліміз. Өйткені өркениетті елдерде иттер мен мысықты ұстаушылар екі санатқа бөлінеді. Біріншісі – ит пен мысықтан асыл тұқым алып, оларды сатып, бизнес жасау. Олар ит-мысығын ресми тіркеп, салығын төлеп, белгіленген ветеринарлық қызметтерді мұқият жасап отырады. Екіншіден, үй жануарларын өздері үшін – үй күзету, балалардың ойнауы үшін ұстайтындар да бар. Олар да аталған үй жануарларын ресми тіркеп, кішігірім операция жасауы тиіс. Міне, осындай әдісті пайдаланатын елдердің көшелерінде қаңғыбас ит-мысық болмайды. Біз бүгін дамыған, өркениетті елдердің нормаларына алғашқы қадам жасадық, - деді Ғали Есқалиев.

Орал қаласында орта есеппен жыл сайын 5 мыңдай бұралқы ит пен мысық жойылады екен. Бұған қала бюджетінен былтыр 30 млн теңгеден артық қаражат жұмсалған.

Енді жаңа ереже бойынша ұсталған жануарлардың басым бөлігі зарарсыздандырылады. Оларды емдеп, тамақтандырып, барлық ақпарат енгізілген чип салынған соң ұсталған аймаққа кері қайтарылады. Мамандардың пікірінше, мұндай жануарлардың агрессиясы азаяды. Ең бастысы ұрпақ әкелмей, белгілі бір уақыттан соң бұралқы ит-мысық саны күрт төмендейтін болады. Оған қоса, тірі жүрген иттер қалада егеуқұйрық сияқты зиянкестердің шектен тыс көбейіп кетпей, табиғи тепе-теңдіктің сақталуына әсер етеді.

Өңір басшысының есебі бойынша жаңа бастама бюджет қаржысын үнемдеуге де әсер етпек. Мәселен, ит-мысық ұстайтын арнайы орталық құрылысына шамамен 800 миллион теңге және оның жыл сайынғы шығынына 180 миллион теңге қаражат қажет екен. Енді осы жұмыстарды жаңа ережеге сай атқару үшін жылына небары 28 миллион теңге жұмсалатын болады. «Негізінде, осындай сома бұрын иттерді атып жүрген кезде де бөлінген болатын, бірақ ол ешқандай нәтиже бермеді» дейді әкім.

Оралда бұралқы ит-мысықты зарарсыздандыру ісіне Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жеке серіктес ретінде қатысуға ұсыныс білдірген. Өйткені, олардың ветеринарлық клиникасы, арнайы мамандары, ветеринария факультетінің оқытушылары мен жоғары курс студенттері бар. Бұл, сонымен қатар, студенттерге тәжірибе жинауға көмектеседі.

- Бүгін бұралқы жануарлар мәселесін кешенді шешудің келесі кезеңіне өтуді тапсырдым. Яғни, барлық үй жануарларының иелері ит-мысығын тіркеуі, вакцинациялауы және чип енгізуі тиіс. Ит-мысықты бизнес емес, өздері үшін ұстайтын тұрғындар иттерді немесе мысықтарды зарарсыздандыруы керек. Операцияға қаражаты жоқ тұрғындарға жарты сомасын бюджеттен субсидиялау мәселесін де қарастыруға болады, - дейді облыс әкімі.

 

Батыс Қазақстан