14 Тамыз, 2013

Ең үздік жоба таңдалатын болады

372 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың «Көрме» орталығында болып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кешені мен оның символы болатын нышанға жарияланған конкурсқа түскен эскиз-жобалармен танысты.

01-1

 

01-1

02-1

Конкурс үстіміздегі жылдың 18 ақпанында жарияланып, 18 шілдеде эскиз-жобаларды қабылдау аяқталған болатын. Оған әлемнің айтулы архитекторлары арасынан 20 елдің 50 сәулетшісі өз жұмыстарын ұсынған екен. Атап өтер болсақ, онда Қазақстаннан басқа АҚШ, Австрия, Австралия, Германия, Жапония, Испания, Италия, Канада, Қытай, Нидерланды, Корея, Норвегия, Ресей, Португалия, Ұлыбритания, Түркия, Тунис, Украина және Франция елдерінің архитекторлары бақ сынауда. Олардың арасында Астана қаласын жобалаудан сәтті тәжірибе жинақтаған Манфреди Николлети («Қазақстан» киноконцерттік залы), Сембол компаниясы («Хан Шатыр» ОСО) және басқалар бар. Сонымен қатар, бұрынғы ЭКСПО көрмелерінің кешендерін жобалауға қатысқан Стефано Боери (Милан ЭКСПО-2015), Нана Эрнандес-Геташвили (Сарагоса ЭКСПО-2008), GMP International SP сәулет компаниясы (Сан Паоло ЭКСПО-2020), Заха Хадид (Сарагоса ЭКСПО-2008 көрмесінің көпірі) және тағы басқалары бар.

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің айтуына қарағанда, нобайлық жобалардың саны 48. Қазір халықаралық техникалық кеңес сарап жүргізіп жатыр, олар қыркүйек айына дейін 10 жобаны таңдап алатын болады. Бұлар біздің «Болашақтың энергиясы» тақырыбының талабына сай болуға тиісті. Қазақстандық талап: нысанның сыртқы бейнесінің сұлулығы ғана емес, электр қуатының сақталуы, үнемділігі, баламалылығы сияқты инженерлік-техникалық жұмыстардың артықшылығына мән берілу болатын, дей келіп төраға техникалық кеңестің құрамын да атап берді. Оның төрағасы белгілі экономист, АҚШ-тың экономикалық үр­діс­терді зерттеу қорының пре­зиденті Джереми Рифкин екен. Одан басқа Фраунгофер институтының профессоры Эйке Вебер (Eicke R. Weber), DNV KEMA компаниясының ке­ңесшісі Марсель Волькертс (Marcel Volkerts), EFACEC ком­паниясының өкілі Нуно Делгадо (Nuno Delgado), ISQ бөлімінің коммерциялық кеңесшісі Марио Агиам (Mario Aguiam), FAIA, LEED AP фирмасынан Томас Кервин (Thomas Kerwin), AIA, LEED компаниясынан Доктор Денис Патрик О’ Мэлли (Denis Patrick O’Malley) мүше болып енгізіліпті. Қазақстандықтар арасынан Техникалық кеңестің құрамына Мәскеудегі Халықаралық сәулет академиясының профессоры, «Астана архитектурная симфония степи» кітабының авторы Аманжол Чеканаев, «Астанагорпроект» ЖШС директоры, «Думан» ойын-сауық орталығы мен «Қазақстан» киноконцерттік залының авторы Әлиасқар Кенжетаев, Халықаралық сәулет академиясының профессоры Сағындық Жанболатов, Астана қаласының бас сәулетшісі Виталий Силецкий, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ сәулет және дизайн департаментінің директоры Қанат Мұқашев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасының құрылыс жөніндегі кеңесшісі Қанағат Тілемісов және BA, MArch жобаларының авторы, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Бас сәулетшісі Айдар Марат енгізіліпті. Жеңген жобаның иесі 150 мың АҚШ долларына тең жүлдені қанжығасына бөктеретін болады.

Барлық жобаның әсем безендірілген нобайлары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ел басшыларына таныстырылды. Оларды асықпай аралап шыққан Мемлекет басшысы шағын отырыс өткізіп, ең үздік жобаның таңдалуын тиісті басшылардан талап етті.

– Әлемнің көптеген мем­ле­кеттері арасынан біздің еліміз көрмені өткізу құқығын жеңіп алды. Кешен Астанадағы және бүкіл Қазақстандағы ауқымды нысандардың біріне айналады. Осыған байланысты түрлі жобаларды қарастыру керек.­ Біз конкурсқа қатысқан қазақстандық және шетелдік барлық архитекторларға, үздік жобаларды таңдап алатын комиссия мүшелеріне алғыс айтамыз. Көрме өткеннен кейін құрылыстарды, соның ішінде тұрғын үйлерді, қызмет кеңселерін, сауда ғимараттарын, ғылыми зертханаларды пайдалануды қамтамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті таң­дау қорытындысының маңыз­дылығына тоқталды. – Біздің көрменің тақырыбы әрбір құ­рылыста энергияның баламалы көздерін пайдалану, жылумен және сумен дербес қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыратын «жасыл экономикамен» тығыз байланысты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемл екет басшысы «Жасыл орам» жобасының тұжырымдамасымен және жобалық үлгісімен таныс­ты. Алаңы 100 гектардай болатын «Жасыл орам» аумағында әкімшілік-іскерлік орталық, тұрғын үйлер ауданы, саябақтар мен мәдениет нысандарын орналастыру жоспарлануда. Осы орайда бүкіл құрылыста энергия тиімділігі саласындағы жаңа әзірлемелер қолданылатын болады.

Отырыс қорытындысында Елбасы бір ай ішінде конкурс нәтижесін шығару және ЭКСПО-2017 көрме кешені үшін негіз бола алатын эскиз-идеяны анықтау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ал бүгіннен бастап 16 тамызға дейін «Көрме» орталығы астаналықтар мен шаһар қонақтарына есігін айқара ашып, ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрме кешені мен оның символы болуға лайық­ты нысанның ұсынылған жобаларын тамашалауға шақырады.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

-----------------------------------------

Суреттерді түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.