Есімдері жоғарыда аталған былғары қолғап шеберлерінің барлығының жолына барша қазақстандық жанкүйерлер үлкен үмітпен қарап отыр. Олардың барлығы да талай дарынды жастың томағасын сыпырған белгілі бапкер Сағатбек Мұсахановтың шәкірттері.
Мәселен, 29 жастағы Жанқош Тұраровтың кәсіпқой рингте күш сынасып жүргеніне 10 жылдан асты. Сол аралықта 24 кездесу өткізген ол барлығында жеңіске жетті. 17 қарсыласын нокаутқа жіберді. Ол бірінші жартылай орта салмақта айқасуда.
26 жастағы Әли Балоев бірінші орта салмақта бақ сынап жүр. Өзінің барлық тоғыз жекпе-жегінде жеңіске жеткен жерлесіміз жеті бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.
Жастайынан жасындай жарқараған аса жеңіл салмақтағы Ескендір Харсан қатарынан жеті жекпе-жекте жеңіске жетіп, соның алтауында қарсыластарын есінен тандырып, барша көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді. Алайда былтыр желтоқсан айында Алматыда өткен кездесуде ол жеңілстің кермек дәмін атты.
Міне, енді «MTK Kazakhstan» компаниясының айтулы үш боксшысы енді АҚШ-қа аттанып, 15 наурызға дейін даңқы жер жарған Флойд Мейвезердің залында даярланады.