Руханият • 24 Ақпан, 2020

Сөздің құны мен құдіреті

8612 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі жаһандану мен ақпараттандыру заманында адамдар арасындағы қарым-қатынас сиреді, тіптен алшақтап барады. Жедел дамып кеткен әлеуметтік желілер тасқынында адамдар сөздің мәнісі мен мазмұнына көңіл аударудан қалды.

Сөздің құны мен құдіреті

Сөз жансыздана бастады. Жансыз сөз – тұл болып, жауыр сөз бен қысыр әңгіменің заманы туды. Сөздің салмағы түсіп, қадірі кете бастады. Егер бұрын сөзге тоқтау деген болса, қазір ол да жоқ. Сәйкесінше сөзді еститін құлақ та қалмай барады. Тоқсан  ауыз сөздің тобықтай түйіні болмай кетті. Қайда барсаң да еститінің кілең бықсық әңгімелер, өсек-аяң мен лепірме бос сөздер. Олардың дұрысы мен бұрысын айырудың өзі қиын. Сөздің мәні әбден кеткен. Оның грамматикасы мен емле қателері сын көтермейді.

Бұрын әкелік сөзбен бала өсіріп, ағалық сөзбен соңынан іні ертуші еді. Адал сөз көңілге сенім ұялатып, жылы сөз бен алғыс білдіру қанаттандырып, сөзі дуалылардың айтқандары халықты жігерлендіретін. Жастар сөз саптауға, ұйтқы сөзді ажыратып, астарлы сөзді түсінуге талпынатын. Осылайша қоғамдық ортада киелі сөзді қадірлеу, қанатты сөзге ден қою, сөздің қыр-сырын түсіну дәстүрі қалыптасатын. Нәтижесінде қазақ даласында Жиренше сынды шешендер пайда болып, жарыс сөз шеберлері мен сөз тапқыштар халықтың көңілін өздеріне аударатын. Сөзінің жаны бар адамдар мен істің тоқетерін айтатын сөзі мірдің оғындай кісілер қоғамдық пікірге ықпал етіп, салиқалы сөздері мен сыни көзқарастары халық жадында қалатын.

Өмірде сөз ұғатын адамдар, әдетте берген сөзіне, біреумен байласқан уәдесіне берік болып келеді. Сонымен қатар мұндай адамдар екі сөйлемей, сөзін жерге тастамай, өз сөзінде тұратын. Осыған қарамастан, қазір сөздің қадірі кетіп, құны түскен заманда отырмыз. Бүгін адамдар арасында көпе-көрнеу біреуге сөз тигізу, сөз таластыру, бықсық және былапыт сөздер, даурықпа және еліктеуіш, жел және көпірме сөздерге әуестену белең алып, қаңқу сөз бен сөз егесі, өз сөзінен гөрі біреудің сөзін «түсіндіргіштердің» қатары көбейіп барады.

Адамдар арасында сөз тасу, сөз құмарлық, сөз тыңдамау, сөз қайыру мен сөзбен түйреп мұқату, сөзбен шағу арқылы қатты сөзге келу сияқты жағдайлар кең өріс алуда. Ал сөз бағатындар мен сөз байлауға баратындар, сөздерінен танып, өзгелерге шарт қоюдан тайынбайды. Ондайлар кінәсін мойындамайды, өздеріне шаң да жуытпайды. Мұндайлардың жымысқы сөздері мен әрекеттері әлеуметтік ортаны ластайды, қолынан іс келетіндердің жолын кеседі. Оның сыртында сөзуарлық, аузына келгенін шататын сөзшеңдер, түйеден түскендей сөздер айтатындар, біреудің сөзін жөнсіз бөліп отыратын немесе басқаны сөйлетпеуге машықтанып алғандар тағы бар. Сөзінен жаңылып, ғайбат сөздер айтып, біреулерді жазықсыз қарғайтындар да жетерлік.

Cөзбұйдалықтың өмір шындығына айналғандығы өкінішті-ақ. Cөзінде тұрмай­тындар да үйреншікті құбылысқа айналды. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген халық­тың даналық сөзі мүлдем ұмыт болған. Осындайда сөз адамды құрдымға кеті­ріп, оларды арандатып, пиғылын бұзады, қоғамды іштей ірітіп-шірітеді. Ол жағдайдың мемлекет пен халықтың қоғами тұрғыда өркендеп дамуы мен кемелденуіне, максат-мұраттарға ұмтылып, нақты нәтижелерге қол жеткізулеріне тұсау болатындығы айтпаса да түсінікті.

Бабаларымыздан мұра болып қалған «аталы сөзге тоқтау» деген ұғым бар. Бұрынғылар тілді көңілдің тілмашы деген. Оның жет­пейтін түпкірінің болмайтынын, тіл сүйек­сіз болса да, сүйектен өтетінін жақ­сы білген. Сол сияқты сөздің, яғни тілдің қылыштай өткір, тастай қатты екен­ін де түсінген. Сондықтан қисынды сөзге ешкім күмән келтірмеген. Оны қазақ қоғамы өз тіршілігінің қағидасы ретінде қатты ұстанған. Бұл ортада сөз ұстағандар ерекше құрметке ие болған. Себебі олар жеке бастың немесе жеке бір рудың намысы мен атағына жығылмай, ел мүддесін жоғары қойған. Олай болса, тек «жақсы сөз – жарым ырыс» қана жақсы іске ұласып, тіл табысуға, нақты нәтижелер мен жетістіктерге әкелетіні ақиқат. Ұлы Абай айтқандай, «естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген адамның өзі де есті болады». Ендеше естілік қана елдігіміздің кепілі. Сонда ғана адам мен адам, халық пен билік сөз табысып, араларында түсіністік пайда болып, этносаралық, дінаралық және қоғамдық келісім қалыптасады, тыныштық орнайды.

 

Жапсарбай Қуанышев,

саяси ғылымдар докторы